Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке есту аппараттарының өндірісін жолға қоюды тапсырды. Бұл туралы Президент бүгін Астанада "Таза Қазақстан" акциясына қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы сөзінше, Парламенттің бұрынғы құрамы заңнамаға есту қабілеті бұзылған балаларға арнайы құрылғыны ақысыз беру туралы өзгерістер енгізу қажет деп ұйғарды.
"Мұндай аппараттар шетелде шығарылады. Сондықтан Үкімет тез арада отандық өндірісті жолға қоюы керек", - деп тапсырды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жалпы, Үкімет Құрылтаймен және қоғамның белсенді өкілдерімен бірлесіп, әлеуметтік көмектер мен жеңілдіктердің мақсатқа сай берілуін қамтамасыз етуі қажетін айтты.
"Бір сөзбен айтқанда, мемлекет шын мәнінде мұқтаж жандарға көмек қолын созуға міндетті. Сонда ғана әділдік салтанат құрады. Бұл жұмыстан осы аттас партия да тыс қалмайды деп сенемін", - деді Мемлекет басшысы.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!