- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Естір құлаққа ұят"....
"Естір құлаққа ұят". Депутат кіші медицина қызметкерлерінің проблемасын айтты
Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков медициналық әлеуметтік мекемелердің кіші қызметкерлеріне қатысты мәселені айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол операциялық блокта жұмыс жасайтын қызметкерлерге көңіл бөлінуі қажет екенін жеткізді.
"Операциядан соң жуатын да, тазалайтын да солар. Отадан кейінгі орынды тазалау да оңай емес. Медициналық қоқыстарды шығару да солардың мойнында. Себебі қоқысты жоятын арнайы мамандарға уақытылы дайындап қою керек және де операциялық құралдардан, жуатын химиялық заттардан болатын радиация да бар. Психо-эмоцианалды көрсеткіш үшін дәрігерлерге, медбикелерге үстемақы төленеді, кіші персоналға жоқ. Сонымен қатар, реанимацияда жұмыс жасайтын кіші медициналық персонал қызметкерлері, олар ауыр халде жатқан адамдарға, жандарын шүберекке түйіп, көздері жәутеңдеп көмек күткен науқастарға қызмет жасайды. Тіпті, ұлы сөзде ұят жоқ, дәретке отырғызу, орнын тазалау, тағы да басқа қызметтер жатады", - деді ол.
Депутаттың айтуынша, кіші персоналдар үшін ауыр жұмыстың бірі хосписте.
"Әрине, ондағы жағдайды ешкімге тілемейміз, бірақ онда соңғы күндерін өткізіп жатқан ауыр науқастар жататыны белгілі. Ол жерде кіші медициналық қызметкерлер ауыр жұмыстар атқарады. Мұнда да жаңа жоғарыда айтқан қызметтерді жасайды. Сонымен қатар, олардың қатарында психодиспансер мен туберкулездік диспансерлердегі медициналық кіші қызметкерлер бар. Олардың күнделікті жасайтын жұмыстары, оның ішінде төсектен тұрғызу, киіндіру, жуу, тамақ сусын ішкізу, дәретхананы пайдалану, күту сияқты т.б қызметтер жатады. Міне, осындай ең ауыр жұмыстарды атқаратын қызметкерлердің, хирургиядағы санитарлардың жалақысы өте аз. Деректер бойынша 90 мыңның шамасы. Тіпті кереметтей үстемақы қосқанның өзінде 100-120 мыңнан аспайды. Неге? Себебі олар - кіші медициналық персонал! Сонда әділдік қайда? Биылғы жаңа жылдан бастап 25 пайыз қосылды деді, бірақ ол 5-6 мың ғана. Оның өзінде ол ақша әлі бөлінбеген. Иә, ем жасайтын дәрігерлердің еңбегі бар, бірақ ауыр жұмыстар атқаратын осы қызметкерлердің еңбегі неге бағаланбайды?" - деді ол.
Серіков санитар атауын медбикенің көмекшісі немесе ассистенті атауына өзгерту керек деген пікірде
"Себебі санитар дегенде қоқыс жинап, тек тазалық жұмысын атқаратын сияқты көрінеді. Керек десеңіз санитарлар уколын да салып, берілген дәрісін де ұсынып медбике қызметін де атқарады.
Медицина қызметкерлерімен қоян-қолтық бірге қызмет етіп жүрген қызметкерлердің еңбек ақысы ерекше төмен болуы естір құлаққа ұят, олардың еңбекақыларын көтеруге жасап жүрген қызметі лайықты деп санаймын.Айтқан мәселелер бойынша ұсынамын:
1. Осы қызметкерлердің жалақысы кем дегенде 2 есе көтерілсін.
2. Жылына бір рет санаториялық профилактикалық орындарға жұмыс беруші есебінен жолдама берілсін.
3. Пәтер алу үшін жалақысын ескере отырып, жеңілдетілген несие берілсін", - деді Таңсәуле Серіков.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова