“Есірткінің жаңа түрі шыққан“. Депутат жастарға қатысты дабыл қақты

“Есірткінің жаңа түрі шыққан“. Депутат жастарға қатысты дабыл қақты
Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, жастарға қатысты дабыл қақты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутаттың сөзінше, Қазақстанның жастары есірткінің жаңа түріне тап болған.

"Ол ресми түрде есірткілер тізімінде болмаса да, оның әсері нашақорлықтың алғашқы сатысы болуы мүмкін. Азот тотығы медициналық процедураларда қолданылатын күшті заттардың тізіміне енгізілгеніне қарамастан, мейрамханаларда, барларда және түнгі клубтарда "күлкі тудыратын шариктер" деп аталып, танымал ойын-сауық құралына айналды", - деді депутат.

Медицина және наркология саласының мамандары да азот тотығының адам ағзасына кері әсері бар екенін айтқан. Депутат бұл қатерлерді атап көрсетті:

  • Неврологиялық зақым, яғни азот тотығын ұзақ уақыт бойы қолдану B12 дәруменінің тапшылығын тудырып, жүйке жүйесі бұзылуына, аяқ-қол жансыздануына, сондай-ақ, қозғалыс қабілеті төмендеуіне алып келеді. 
  • Оттегі жетіспеушілігі (гипоксия). Бұл зат жоғары дозада пайдаланылған жағдайда тыныс алу бұзылуына, естен тануға және өлімге дейін әкеп соғуы мүмкін.
  • Психикалық денсаулыққа әсері. Жастар арасында оның жиі қолданылуы депрессияға, үрей сезіміне, есте сақтау қабілеті төмендеуіне және ақыл-ой дамуы тежелуіне себеп болуы мүмкін.
  • Жүрек-қан тамыр жүйесіне әсері. Азот тотығын қолдану жүрек ырғағы бұзылуына, қан қысымы күрт өзгеруіне және жүрек ауруларына әкелуі ықтимал.
  • Тәуелділік қаупі. Бұл зат есірткі секілді психологиялық тәуелділік тудырады және жастар арасында оның қолжетімділігі қауіпті деңгейде.

"Кейінгі бір жыл ішінде елімізде "күлкі тудыратын шариктерден" кейін есін жоғалтқан, ауыр жарақат алған және жол апаттарына түскен жастардың саны өсіп келеді. Елімізде бұл газдың заңсыз айналымы үшін нақты қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілік қарастырылмаған", - деді ол.

Темір Қырықбаев Ұлыбритания 2023 жылы азот тотығын есірткі заттары қатарына қосып, заңсыз сатқандарға екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын бекіткенін, Нидерланды бұл газды көңіл көтеру мақсатында пайдалануға толық тыйым салғанын, көршілес Ресей мемлекеті 2021 жылы бұл заттың заңсыз айналымына тосқауыл қойғанын мәлімдеді.

Депутат азот тотығының заңсыз айналымы үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік белгілеу мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер енгізуді ұсынды. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget