Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 48 жастағы Жамбыл облысының тұрғынына қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ол Жамбыл облысындағы жайылымдардың бірінде өздігінен өсіп тұрған жабайы, құрамында есірткі бар қарасораны жұлып, кептірген. Салмағы 14 грамм болатын, яғни аса ірі мөлшердегі есірткі заты – марихуананы өткізу мақсатында заңсыз алып иемденген, сақтаған және тасымалдаған.
"Ол 2022 жылғы сәуірде есірткіні өткізу мақсатында InDrive қосымшасы арқылы Шымкент бағытындағы жолаушылар тасымалымен айналысатын таксиге салып жіберген. Дегенмен, оның ойы іске аспай, есірткі заттары сақталған такси автокөлігі Шымкент қаласындағы автобекеттердің бірінде полиция қызметкерлері ұстаған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында такси жүргізушісі есірткі заттарын өзіне салып жіберген қорапты ашпағанын және оның ішінде не барын білмейтінін, жөнелтуші ішінде киімдер мен тамақ бар деп айтқанын мәлімдеген", - делінген хабарламада.
Сонымен бірге полиция қызметкерлеріне жөнелтушінің деректерін көрсетіп, есірткі заттарын өз еркімен тапсырған. Жөнелтуші өзінің кінәсін толық мойындап, басты сот талқылауында бұл әрекеттеріне өкінетінін айтқан.
Соттың үкімімен айыпталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотпен сотталушының жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтеу белгіленді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!