Есірткіге тәуелділік бойынша 18 мың адам есепте тұр: депутат қорқынышты статистика жариялады

Есірткіге тәуелділік бойынша 18 мың адам есепте тұр: депутат қорқынышты статистика жариялады
Фото: depositphotos.com

Мәжіліс депутаты Асылбек Нұралин есірткіге, құмар ойындарға тәуелділік және маскүнемдік бойынша маңызды мәселе көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутат мынадай ресми дерек келтірді: елде есірткіге тәуелділік бойынша шамамен 18 мың адам есепте тұр. Десек те, Асылбек Нұралиннің сөзінше, сараптама олардың нақты саны бұдан әлдеқайда көп екенін көрсетіп отыр. Ал 100 мыңнан аса адам маскүнемдіктен зардап шегеді.

"Бұл көрсеткіштер елімізде отбасылық жанжал өршуіне, жол апаты көбеюіне де әсер етеді. Темекі шегу деңгейі - 17,5 пайыз, оның ішінде кәмелетке толмағандар да баршылық. Бұдан бөлек, шамамен 300 мың адамда құмар ойындарға тәуелділік белгілері бар. Бұлардың барлығы теріс жолға түскендерді орынсыз қаржылық шығынға ұшыратып, құқықбұзушылықтарға және олардың әлеуметтік оқшаулануына әкеп соғады", - деді ол.

Асылбек Нұралин Денсаулық сақтау министрлігінен мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жағдайға кешенді талдау жүргізуді, қолданыстағы тетіктердің тиімділігін арттыру бойынша шаралар әзірлеуді сұрады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget