Есірткіге, шылымға құмар адамдар мәйіт доноры бола ала ма? Сарапшы пікірі
Жуырда ғана Ажар Ғиният мәйіт доноры болуға дайын екенін айтқан еді. Ал бұқаралық ақпарат құралдарында "Қазақстан халқына" қорының басшысы Болат Жәмішевтің мәйіт донорлығы қайта іске асуы үшін заңды өзгерту керек екенін айтқан мәлімдемесі тарады.
Ел арасында мәйіт донорлығына қатысты қандай мифтер бар? Халық мәйіт донорлығы туралы не білуі керек? Massaget.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты "Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық" ШЖҚ РМК өкілі Назгүл Зашитқызы Жылгелдинамен сұхбаттасты.
"Ми өлімі адам өлді дегенмен бірдей"
Назгүл Зашитқызының сөзінше, мәйіт донорынан ағзаны алу үшін ең бірінші шарт ми өлімі тіркелуі қажет.
"Мәйіт доноры дегеніміз, қарапайым сөзбен айтқанда, 18 жастан асқан, ауруы күрделілігіне байланысты ми өлімі болған адам. Ми өлімі болғанымен, дәрігерлер жүрек соғысын аппараттың күшімен ғана ұстап отырады. Ми өлімі диагнозы адам өлді дегенмен бірдей. Консилиум арқылы ғана миы өлді деген диагноз қояды. Содан кейін туыстарына хабарлайды", - дейді Назгүл Жылгелдина.
Тұрар Қазанғапов
Бұдай кейін арнайы мамандар Азаматтарға арналған үкімет порталы арқылы ми өлімі тіркелген адамның ағзаларын беруге рұқсаты бар-жоғын тексереді екен.
"Келісімі жоқ болса, ешкім ешқандай шара қолданбайды. Жүрек соғысы тоқтағанын күтеміз. Ал өзінің келісімі болса, міндетті түрде туыстарынан рұқсат сұраймыз. Бәріміздің тума-туысымыз бар. Ал 30, 40 жастағы адамдар сау кезінде келісім беріп тұрғанда, туыстары оның шешіміне неге қарсы келеді? Қазір осы туыстарынан сұрау дегенді алып тастағымыз келіп жатыр. Сіз қандай да бір шешім қабылдадыңыз делік, оған туыстарыңыз қарсы болды. Ол да адамның құқығын бұзушылық қой" - дейді маман.
"Жүрек, өкпе, бауыр..." Мәйіт донорынан қай ағзаларды алуға болады?
Сарапшының айтуынша, Қазақстанда жақсы дамыған бірнеше ағзаның трансплантациясы бар.
"Ми қабілеті өлген адамның жүрек, өкпе, бауыр, бүйрегін ала аламыз. Одан кейін көз қабығын алуға болады. Басқа елдерде ұйқы безін алады, Ресейде ішегін алуды бастап жатыр. Бізде дамығаны - өкпе, жүрек, бауыр, бүйрек трансплантациясы", - дейді ол.
Сонымен қатар, Назгүл Жылгелдина 91 елде трансплантация жүргізілетінін айтты.
"Соның ішінде АҚШ, Хорватия, Испанияда дамыған. Бұл елдерде 1 миллион адамға шаққанда деп есептеу керек. Испанияда 1 миллион адамға шаққанда 46, АҚШ-та 1 миллион адамға шаққанда 44, Беларусьте 26, Иранда 12,2, Сауд Арабиясында 3,5 транспланттан келсе, Қазақстанда 1 миллионға 0,2 транспланттан келеді. Бізде өте төмен деңгейге түсіп кетті. 2017, 2018 жылдары шамалы көтеріңкі болды. Одан кейін коронавирус болды. Бұқаралық ақпарат құралдарында "ағзалар сатылып жатыр" деген ақпарат тарады. Ақтөбеде дәлелденбеген бір жайт болды. Осы жағдайлар халықты шошытып жіберді. 2017 жылы 80 трансплантация жасалса, 2022 жылы 16, биыл 19 жасалды", - дейді маман.
elements.envato.com
"Ең көп шыдайтыны - бүйрек"
Сарапшы қай адам ағзаларын қанша уақытта алуға мүмкіндік барын да айтты.
"Жүрек 4-5 сағат, бауыр 5 сағат, ең көп шыдайтыны - бүйрек. Ол 12 сағат деп айтамыз. Бірақ тез арада трансплантация жасалса, ағза реципиентке тез еніп кетеді. Қазақстанның аумағы үлкен. Тіпті трансплантация орталығы мен донор стационарының арасы өте ұзақ. Ал туыстары келіссе, арнайы ерітінділер арқылы ағза сақталады. Мысалы, Қазақстанның қай жерінде болса да трансплантаттық бригада барып, ағзаны алып, санавиациямен қайтады. Алайда дәрігерлер адамның жүрегі әбден тоқтағанша, адам өмірі үшін күресін тоқтатпайды", - дейді Назгүл Зашитқызы.
"Мәйітханаларда мәйіт доноры жоқ"
Маманның сөзінше, елімізде 2012-2017 жылдар аралығында трансплантация қарқынды дамыған.
"Ең алғаш Қазақстанда 1979 жылы жасалып, мәйіт донорынан бүйрек алынған. 1997 жылы мәйіт донорынан бауыр алынды. Ең бірінші жүрек трансплантациясы 2012 жылы болды. 2020 жылдан бастап туысынан рұқсат сұрау деген өзгеріс енгізілді. Бұған дейін өзінің келісіміне қарадық. Ал қазір донорын күтіп 4000-ға жуық адам тұр", - деді ол.
Назгүл Жылгелдина мәйітханаларда мәйіт доноры болмайтынын, бұл жаңсақ пікір екенін түсіндірді.
"2017-2018 жылдары болуы керек, Ақтөбеде мүшені ауыстырып жатқан кезде туыстары "дәрігерлер біздің рұқсатымызсыз мүшелерін алды" деп шу шығарды. Ал заң түрінде ол дұрыс болып шықты. Бір ағзаны ауыстыру үшін 100-ге жуық маман қатысады. Реципиенттердің кезегі де автоматтандырылған жүйе арқылы таңдалады. Одан кейін қан тобы қаралады. Мәйітханаларда мәйіт доноры жоқ. Мәйіт доноры жансақтау бөлімінде болады", - дейді маман.
Сондай-ақ, сарапшы Қазақстанда бұл шара тегін жүзеге асырылатынын айтады. Сонымен қатар, трансплантация жасалғаннан кейін де дәрі-дәрмекпен Үкімет қамтамасыз етеді.
©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Есірткіге, шылымға құмар адамдар мәйіт доноры бола ала ма?
Назгүл Зашитқызы қандай кезде адам ағзалары реципиентке жарамсыз болуы мүмкін екенін де айтты.
"Есірткіге құмар адамдар донор бола алмайды, себебі түрлі инфекцияларға шалдығады. Ал темекі тартатын адамдар донор бола алады. Алайда темекі тартқан адамдардың көп жағдайда өкпесі келмей қалуы мүмкін. Қалған ағзалары келуі мүмкін. Созылмалы аурулармен ауырса, бауыр-бүйректері іске аспауы мүмкін. Кейбіреулер 20 жыл бойы дәрі ішіп жүреді. Олардың ағзалары да жарамай қалуы мүмкін", - деді маман.
Сонымен қатар, маман мәйіт донорының ағзасын алатын реципиенттің де құқығы сақталатынын жеткізді.
"Мәйіт доноры келген кезде бірнеше реципиент келеді. Өйткені біреуінің қан тобы келмейді, мұндай жағдайда екіншісі дайын отырады. "Бас тартамын, қорқамын" дейтін адамдар да болады. Бәрінің құқығын сақтаймыз. Міндеттеуге болмайды. Мұндай заң жоқ. Трансплатацияны да мәжбүрлемейміз, насихаттап жатырмыз", - деп түйіндеді сарапшы.
Адам тірі кезінде мәйіт донорлығына қалай келісім бере алады немесе бас тарта алады?
Egov.kz порталы арқылы қазақстандықтар мәйіт донорлығына келісім бере алады немесе олардың бас тартуға мүмкіндігі бар. Назгүл Жылгелдина бұл шешімді адам бірнеше рет өзгерте алатынын айтады.
- Ол үшін мына шарттарды орындау қажет:
Басты бет - Азаматтарға - Денсаулық сақтау - Трансплантаттау мақсатында ағзалардың (ағза бөлігінің) және (немесе) тіндердің (тін бөлігінің) қайтыс болғаннан кейінгі донорлығынан тірі кезінде бас тарту немесе келісім алуды тіркеу.
Еске салайық, бұған дейін белгілі транспантолог мәйіт ағзасын алу туралы айтқан еді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова