“Есірткі тастап кетемін деп қорқытқан“. Жанжалдасқан көршілер сотта жазаланды

Астана сотында көршілерге қатысты іс қаралды. Жанжал кезінде олардың бірі екіншісін есірткі тастап кетемін деп қорқытқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Астана қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұсақ бұзақылық жасау дерегі бойынша екі көрші Б. мен С-ға қатысты істі қарады.

Оқиға қалай болған?

"Б. және С. тұрғын үйдің кіреберісінде қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың тыныштығын бұзатын әрекеттер жасап, былапыт сөздер айтқан", - деп жазылған сот мәліметінде.

С-ның сөзінше, көршісі Б. 22.00-ден кейін бірнеше рет тыныштықты талап етіп, жұбайына әдепсіз сөз сөйлеген. Ол кінәсін мойындап, өкініш танытып, жәбірленуші тараппен татуласқысы келетінін айтты.

Ал Б. көршісі С. сағат 22.00-ден кейін тыныштықты бірнеше рет бұзып, есірткі тастап кетемін деп қорқытқанын айтты. Ол кінәсін мойындамай, оның тарапынан қоғамдық тәртіпті бұзу болмағанын, оның тарапынан былапыт сөздер айтылмағанын және көршісі С. жанжалды бастағанын көрсеткен.

Сот қандай шешім шығарды?

Сот қаулысымен Б. және С. ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 20 АЕК (73 840 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл түрінде әкімшілік жазаға тартылды.

Қаулылар заңды күшіне енген жоқ.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!