Өзімен қатар балалар студент атанып, жаңа өмірге қадам басып жатқан кезде 18 жастағы "Д" есімді жасөспірім екі жыл бұрын істеген ісінің жазасын тартып отыр. Ол өткеніне өкінеді, көп нәрседен айырылғанына қапаланады. Алайда уақытты кері қайтара алмайды. Бүгінде балалар колониясының темір тәртібіне бағынып, мерзімі біткенін күтуден басқа амалы жоқ. Оның айыбы - есірткі жасырып, оңай олжаға кенелгісі келгені.
Жасөспірім Massaget.kz тілшісіне арнайы сұхбат беріп, шалыс басқан қадамы мен колониядағы өмірі, есірткі жасыру схемасы қалай жүретіні туралы ашық әңгімеледі.
"Д" - үйдегі екі баланың үлкені. Туғаннан әкесі мен әжесінің қолында өскен.
"Оңай ақша бәрімізге керек". Бәрі қалай басталды?
"Д" бұл қылмысты жасаған кезде небәрі 16 жаста болған. Өзі Астана қаласының маңындағы ауылдан. "Байып кетемін" деген ойдың жетегіне ерген жасөспірім Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-тармағымен сотталып, 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып отыр. Бүгінде бұл мерзімнің екі-ақ жылы өтелген.
"2022 жылы жаз кезі. Әжемнің мүмкіндігі шектеулі, бір аяғы жоқ. Зейнетақысы жетпегеннен кейін жұмыс істеп көмектескім келді. Жалдамалы жұмыстар істедім: жүк тасушы да болдым, дүкенде де істедім. Ақша көп болмады. Жолыма, тамаққа, әдетте осындай шығындарға кететін. Жанымда дос балам бар еді. Соның үй жағында жұмыс істеп жатқан кезде ол Telegram-нан жұмыс тауып алды. "Осындай жұмыс бар екен, есірткіні салып кетесің де суретке түсіріп жібересің, болды" деді. Адам болғаннан кейін оңай ақша бәрімізге керек. Келістім", - дейді ол.
"Қанша грамм тығасың, сонша ақшаң болады". Ақша табу схемасы қандай?
Жасөспірімнің айтуынша, есірткі схемасында жұмыс берушілердің ақша төлеуінің де өз айла-шарғысы бар.
"Басында жұмысқа тұрған кезде қорқынышты болды. Өйткені сөмкеңде оралған есірткі жатқаны оңай емес. Көшеде кетіп бара жатқан кезде де бәрінен қорқасың. Ешкімге сенім жоқ. Басында үйренісе алмай жүрдік. Жан-жағымызға жалтақтап қорқып жүрдік. Біраз уақыт өткеннен кейін үйреніп қалдық. Қорқу қалды. Соңғы кезде ақша табу оңай болып кетті. Қалтада ақша көбейді. Үйге де бересің, өзіңде де қалады. Жеткілікті болды. Ең басында 7 мың теңге, одан кейін 3 мың теңге, одан соң 95 мың теңге таптым. Қанша изолента, қанша есірткі түйіншегін тығасың, ақша соған байланысты болды. Мысалы, ең соңғысында досым екеуміз 65 түйіншек тықтық, 200 мың теңге таптық. Ол кезде бір апта істейсің, яғни жұма соңғы күн істейсің, сенбі ақша аударылады. Ол банкке аударылмайды, қытайлық шоттан аударылады. Схемасы биткойн сияқты. Биткойнның қосымшасы бар. Соған ақша аударылады. Биткойннен банкке аударып алатынбыз", - дейді жасөспірім.
"Өтірік есім қояды". Жұмыс беруші кім?
Сотты болған жасөспірім есірткі жасыруға тапсырыс беретіндер өте сақ екенін, барлық жерде өздерін жасырын ұстайтынын жеткізді.
"Жұмыс берушілерді танымаймын, қайдан екенін де білмеймін, мүмкін шетелде шығар. Өйткені аттары Telegram-арналарда болатын, бірақ өтірік есімдер еді. Нақты бір аттары болмайтын. Суретті де өтірік қоятын. Жұмыс бар кезде бағытын жібереді. Яғни қай жерде тығылып тұрғанын, қандай изолентада оралғанын айтады. Досым екеуміз басында барғанда, адам көп жерге тығып кететін. Сауда үйлерінің маңында, көшенің бойында да тығып кететін. Кейде алыс жерлерде болатын. Оны тығып кететін арнайы адам болатын", - дейді ол.
"Есірткі қолданатын адамды алмайды". Жұмысқа кіру схемасы қандай?
Астананың тумасы бұл жұмыста әлеуметтік желілерден тапқанын айтады.
"Досым басында WhatsApp-тан жазды. WhatsApp-тан Telegram-ға аударады. Telegram-нан Amil деген агенттік шықты, сол жаққа жаздық. Агенттіктен басқа парақшаға жіберді. Ол жерде "синтетикалық есірткімен жұмыс істейсің" деп ашық айтады. Жұмысқа тұру оңай емес. Бірінші өзіңнің жеке куәлігіңді жібересің. Одан кейін "өзің қолданасың ба?" деп сұрайды. Ол жерде өзі қолданатын адамды алмайды. Құжатыңды, қайда тұратыныңды қарайды. Үйіңнің мекен-жайын жібересің. Қай жерден шығып жатқаныңды көшенің бірінші белгісіне дейін видеоға түсіріп жібересің. Жұмысқа алған кезде артыңнан да қарап жүреді. Өзіне алып қала ма деп ізіне түседі. Өйткені, естігенім, көргенім бойынша, өздеріне есірткінің жартысын алып қалатын адамдар болады. Сол үшін арттарынан аңдиды. Біздің де артымыздан аңдыған шығар, білмеймін", - дейді ол.
Бір қызығы сол - жұмыс берушілер жеке куәлікке дейін сұрайды, яғни жұмысқа ресми тіркегендей болады екен.
"Мен куәлігімді жібермедім, ол жерге ресми тіркелмедім. Досым ресми тіркелген, мен жанында тіркелмей жүрдім. Басында қорықтық. Автобуста тұрғанда полиция қызметкері отырған сәттер болды. Үрейлене бастайсың. "Ұстап алса не болады?" деп ойлайсың. Ал өзім қолданбағанмын. Қолдану ойымда да болмаған. Ол кезде ақша қызық болды. Досым да қолданбаған. Біздің мақсат тасымалдау, тығу, суретке түсіру болды. Артық ой болмады", - дейді ол.
Есірткі жасыру схемасында қанша адам жұмыс істейді?
"Түсінгенім бойынша, схема былай: біз сияқты тасымалдайтын адамдар болады, көлікпен арнайы тығып кететін адам болады және одан да үлкен жерде отырған ұсталмайтын адамдар болады. Тыққан жерді Telegram-дағы адамға жібересің. Алайда бір-бірден жібермейсің. Бәрін тығасың, содан кейін ғана жібересің", - дейді жасөспірім.
Есірткі жасырған соңғы күн. "Д" қалай ұсталды?
"Д" ұсталардан бір күн бұрын достарымен әдеттегідей кездесуге барған.
"Ұсталардан бір күн бұрын досым екеуміз таңғы 7-ден 9-ға дейін есірткілерді тығып тастап, суретке түсіріп, жіберіп тастадық. Таныс қыздарымыз болды. Кейін соларға хабарласып, қыдырып қайтуды ұсындық. Олар да келісті, "жанымызда дос баламыз бар" деді. Ол - кейін бізбен бірге сотталған бала. Бізге "Ескі вокзал жаққа келіңдер, кездесеміз" деді. Біз бардық. Екі қыз, бір бала жүр екен. Таныстық. Арлы-берлі жүрдік. Кейін сол көшеден сотта маған куәгер болған адамдардың бәрін көрдім. Біреуі отырғышта, біреуі дүкеннің жанында тұрды, олар да бізді көрген", - дейді ол.
Жасөспірім ертесіне өміріндегі ең қиын сәттердің біріне тап болған.
"Келесі күні, ақымақтан ба білмеймін, сол көшеге қайта бардық. Ал үшінші бала сол күні бірінші рет жұмысқа тұрған еді. Тығып, суретке түсіріп келе жаттық. Бір кезде мен телефонмен шетке шығып кеттім, екеуі тығып жатты. Ауланың артқы жағынан айналып шығып келе жатсам, екеуінің артында жол полициясы тұр. Сасқалақтап тұрып қалдық. Олар бізге жақындап, куәлігімізді сұрады. Куәлікті көрсеттік. Дос баламның иығында сөмкесі болды. Жол полициясы сөмкені ашып қалғанда, ішінде есірткілер тұрды. 23 данасы жатты. Осылай үшеумізді ұстап алды. Менің ойымша, бәрі келіскен сияқты болды. Өйткені ешқандай полиция болмаған, көше кішкентай. Сол кезде қалай жоқ жерден пайда болғанын түсінбедім. Кетер алдында қарағанда ештеңе болмады, көлік те болмады. Шыққан кезде көлік тұр. ...Ешкімді кінәламаймын. Басынан жұмысқа тұрғаным - өз қатем. Оңай ақша өзінікін алды. Қатем беріліп кеткенім болды", - дейді жасөспірім.
"Көзімізді құрту керек те болған шығар"
"Д"-ның айтуынша, ұсталуларына жұмыс берушілердің де бір қатысы болуы мүмкін деген ішкі күдік бар.
"Менің ойымша, жұмыс берушілер де ұстап беруі мүмкін. Оларға қажет емес сияқты болып қалдық. Тығатынын тығып бердік, істейтінін істеп бердік, біздің көзімізді құрту керек болды. Рас-өтірігін білмеймін. Мүмкін өзіміздің қатемізден ұсталып қалдық. Бізде қорқыныш болмады, достарым есірткіні көшеде лақтырып ойнап жүретін. Тығылып істемейтінбіз. Адамдар бар ма, жоқ па, қарамайтынбыз. Қалтамызда есірткі толып тұрса да қорқыныш болмайтын. Көп адам осылай істеп жүргенімізді білді", - дейді ол.
"Даяшымын" деп алдап келдім. Отбасы бұл жағдайды қалай қабылдады?
18 жастағы баланың сөзінше, бұл іспен айналысып бастаған кезінде отбасы Дубайда болған.
"Үйде жалғыз болатынмын. Олар білмейтін. Жоқ кездерінде жұмысқа бардым. Келгенде "даяшы" болып істеп жүрмін деп алдайтынмын. Ұсталғанда бірінші анамды шақыртты. Сол кезде білді. Әжем, үй ішім жылады, анам ашулы болды. Реніші көрініп тұрды, бірақ көрсетпеді. Қасымдағы достарымның да аналары келді. Айғай-шу болды. Қасымдағы балалардың бірімен он жасымнан бері доспын, бір ауылданбыз, ал екінші баламен танысқанымызға бір-ақ күн болған. Бәрімізді құртқан - оңай ақша", - дейді ол.
"Үкім шыққанда бәрін түсіндім". Бәрі аяқталғандағы ішкі сезім...
"Д" бәрін кеш түсінген. Оның сөзінше, алғаш ұсталған да есеңгіреп қалғаны соншалық - ұзақ уақыт өз-өзіне келе алмаған.
"Болып жатқан жайтқа сенбедім. Қолыңды кісендеп, көлікке отырған кезді айта алмаймын. Қызметкерлер аудандық ішкі істер бөліміне алып бара жатты. Түс сияқты болып кетті. Үкім шығып, қолымдағы кісенмен сот залынан алып бара жатқан кезде бәрін түсіндім. Түрмеге отыратыныма соңына дейін сенбедім. Ал түрмеге отырар алдында досыммен бір ай араласпадық, яғни іс қозғалғаннан кейін. Бір айдан кейін қайта араласа бастадық. Ол кезде колледж оқып жүрдім, досым 11-сыныпты бітірді, бірақ оқуға түспеді, жұмыс істеді. Бізге бәрібір болды. Достарымыз да араласпай қалды. Өйткені білді, қорықты. Колледжде тек бір группаласым білді. Кейін колледжге қағаз барыпты, сонда бәрі біліпті. Ал ұсталған кезде бір айдай үйден шықпадым. Тіпті бөлмемнен де сирек шығатынмын. Ешкіммен сөйлескім келмеді. Әлеуметтік желілерде де отырмадым. Одан кейін оқуға бару керек болды. Күйзелістен де сол қыркүйек уақытында шықтым", - дейді ол.
Астана тумасы кезінде "не үшін айналысып жатырмын?" деген де ойлар болғанын жасырмады.
"Үрей басқан кездерде, түндерде "не үшін айналысып жатырмын?" деген ойлар болатын. Алайда ақша болған кезде достарың да көп. Сотталамын деп ойлаған жоқпын. Жақсы бір сомада ақша табамын, сосын тоқтаймын деп ойладым. Олай болмай шықты. Мен сол кезде қылмыстық жауапкершілік екенін білген жоқпын. Тасымалдаймыз, сонымен бітеді, әрі кетсе 1-2 ай деп ойладым", - дейді ол.
Колония өмірі қандай?
Істеген ісінен опық жеген жасөспірім бүгінде жазасын өтеп жатыр.
"Таңғы 6.00-де тұрамыз, жататын жерімізді тазалаймыз, 7.00-де таңғы асқа барамыз. Кейін аумақты жинаймыз, қар күрейміз. 7.00-ден кейін сабаққа барамыз. Мұғалімдер бар. Сабақтан кейін ойындар ойнайсың, кітап оқисың. 14.00-де түскі асқа барамыз, одан кейін темір шебері, ағаш шебері сабағына барамыз. Кешкі ас сағат 19.00-де. Сағат 21.00-де ішке кіреміз, жуынып-шайынып ұйықтауға дайындаламыз. Сағат 22.00-де ұйқыға жатамыз. Тамағы да, қызметкерлер де жақсы. Басына қиындық түспей, адам түсінбейді. Бұл жақта жаман ештеңе жоқ, бірақ бұл жерге түспеу керек. Үй сияқты емес. Үй сияқты бола алмайды. Ал бірге отырған балалармен бауыр сияқтымыз, бір отбасы сияқтымыз", - дейді "Д".
Оның сөзінше, анасы мен әжесі, інісі әр екі ай сайын екі күндік кездесуге халін білуге келіп тұрады.
Түйін: "есірткі таситындарда екі-ақ жол бар: не өледі, не түрмеге отырады"
Сотталған жасөспірім есірткі схемасына бір кірген адам шыға алмайтыны рас екенін айтады. Оның сөзінше, жұмысқа тұрған кезде де бұл нәрсе ашық айтылған.
"Telegram-дағы парақшаның иесі "кірсең, шықпайсың" дейтін. Ол жерден шығу оңай емес. Екі нұсқа бар: не өзің ұзақ қолданып, содан қайтыс боласың, не түрмеге отырасың. Басқа жол жоқ. Басында солай ескертіледі. "Шықсаң былай болады" деп қорқытады. Бала екенімізді біледі, қалай қорқыту керек екенін де біледі. Біз кіріп қойдық, қайта шыға алмаймыз, қорқамыз. "Сен ешқайда қаша алмайсың, кетсең де тауып аламыз" дейтін. Өйткені жеке куәлігіңді жібергеннен кейін таба алады. Менің ойымша, олар жұмысқа тұрғаннан кейін сені аңдитын сияқты. Солай ойладық. Тыққан жерлерде де аңдып жүр деп ойлайтынбыз", - дейді ол.
Ол қатарластарына мұндай қадамға бармауды ескертті.
"Бәрі оңай ақшаға құмартады. Менің жасымдағы студенттерге стипендия жетпеуі мүмкін. Біреу жағдай жоқтығынан, біреу өзгеде ақша болып, өзінде жоқ болған қызғаныштан осы жұмысқа барады деп ойлаймын. Тез ақша тауып, тез баю үшін барады. Оңай ақшаның артынан жүгіріп керек емес. Біріншіден, біреу бұл нәрсені ұсынып жатса, артыңды ойлау керек. Бір күн өміріңді ойламай, болашағыңды, үйдегі жағдайды ойлау керек. Көп нәрсені жоғалттым. Бәріне айтарым, мұндай нәрсеге жоламаңдар, оңай ақша болмайды! Адамға шыдам, өзіне деген сенім керек. Кейбіреулер ақша деп бәрін ұмытады: жақынын да, отбасын да. Тек ақшаға құмарлық болады. Өз басымда солай болды. Таңертең жұмысқа кетіп, түнде үйге келіп жүрдім. Үйде болмайтынмын немесе бір сағат ұйықтап, қайта кетіп қалатынмын. Мұндайда жан-жағыңды көрмей қаласың", - дейді "Д".
Сонымен қатар, жасөспірім ішін тырнайтын өкінішін әңгімелеп берді.
"Жұмысқа тұрғаныма, сотталғаныма өкінемін. 2 жылда қарындасым, інім өмірге келді. Қарындасымды бір рет екі сағаттық кездесуде алты айлығында көрдім. Қазір екіге келді. Үйде болып жатқан қызықтарды көрмейсің. Сыртта не болып жатқанын білмейсің, оқуымды да аяқтай алмай қалдым", - дейді ол.
Алайда "Д" колониядағы өмірден кейін өзін отыз бес жасында қалай елестетінін қиялдап көрді.
"Отырғаныма 2 жыл болды. Шыққан соң, Құдай қаласа, дұрыс өмір сүріп, қайта оқуға түскім келеді. Дос балдарыммен араласпай, бөлек жүріп, адам болғым келеді. Ал отыз бес жасымда өз отбасыммен, балаларым, әйеліммен үйімде, ауылды жерде отырғанымды елестетемін. Қазір бәрі жақсы. Өз қатемді түсінемін. Алдағы мақсат - үйге оралу, түзу жолға түсіп, жұмыс істеп, отбасын құру", - деп түйіндеді әңгімесін ол.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!7