Есірткі таратуға қатысы бар шенеуніктерді өмір бойына бас бостандығынан айыру ұсынылды

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Telegram-арнасында есірткі таратуға қатысы бар шенеуніктерді қатаң жазалау туралы жазба жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Аймағамбетов Мәжілісте есірткі өндірушілеріне жазаны күшейтуге бағытталған маңызды заң жобасы талқыланып жатқанын айтты.

"Жазаны өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін қатайту ұсынылды. Бұл - әділетті шешім. Депутаттар осы норманы қолдап, дауыс берді. Алайда бұдан да күрделі мәселе бар: қылмыспен күресуі тиіс азаматтар өздері есірткі бизнесіне араласқан кезде не болады? Біз құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен өздерінің лауазымын, қызметтік мүмкіндіктерін және ақпаратқа қолжетімділікті пайдаланып, есірткі айналымына қатысқан өзге де лауазымды тұлғаларға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын енгізу туралы ұсыныс жасадық", - деп жазды депутат.

Егер олардың кінәсі дәлелденсе, мұндай әрекеттер ең қатаң жазалануы тиіс. Себебі бұл - азаматтардың мүддесіне жасалған сатқындық, қоғам сеніміне нұқсан келтіріп, елдің қауіпсіздігіне қатер төндіреді, деп жазды Асхат Аймағамбетов.

"Мемлекет басшылығы есірткі бизнесімен және оның таралуымен күресті ымырасыз және жүйелі түрде жүргізіп жатыр. Қоғам үшін үлкен қауіп төндіріп отырған осы мәселені жоюға бағытталған есірткіге тәуелділікпен күрес жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Сонымен қатар ұлттық қауіпсіздікті нығайтатын қосымша шаралар да қабылданып жатыр", - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында есірткі контрабандасымен айналысқан 120-дан аса шетелдік ұсталғаны хабарланған болатын.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз