Есірткі саудасынан, заңсыз құмар ойыннан түскен ақшалар қайда аударылғаны белгілі болды

Қылмыстық жолмен түскен пайданы заңдастыру мақсатында 6,2 мың дроп карта пайдаланылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл карталар арқылы ақша айналымның жалпы сомасы 24 миллиард теңгеге жетті. Агенттік мәліметінше, дроптар - банк карталары мен шоттарды рәсімдеу үшін қолданылатын "жалған тұлғалар".

"Интернет банкингке қашықтан қол жеткізу мақсатында үшінші тұлғаларға тіркелген байланыс операторларының SIM-карталары пайдаланылған. Көбіне дроп карталар есірткі саудасы, кибералаяқтық, заңсыз құмар ойындар және басқа да қылмыстық әрекеттерге байланысты схемаларда қолданылған", - деп жазылған агенттік хабарламасында.

Агенттік мәліметіне сүйенсек, "дроптар" халықтың осал топтарына жататын адамдар болған (жұмыссыздар, студенттер, зейнеткерлер және басқалар), олар қылмыстық схемалардағы рөлдерінің салдарын түсінбеген.

"Мұндай карталардың иелерінің 90%-дан астамы - резидент емес тұлғалар. Олар туралы ақпарат шетелдік мемлекеттердің құқық қорғау органдарына берілді", - деп жазылған хабарламада.

Қаржылық мониторинг агенттігі уәкілетті органдармен бірлесіп, осы бағытта мына шараларды қабылдады:

  • банктік карталарды үшінші тұлғаларға беру үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістер бастамашылық етілді;
  • күдікті шоттардағы қаражатты тоқтату және қашықтан банк қызмет көрсетуді өшіру механизмі енгізілді;
  • бір клиентке берілетін банк карталарының санын шектеу және 10 немесе одан да көп карталары бар клиенттерге тексерістер күшейтілді;
  • күдікті операцияларды анықтау және күмәнді клиенттерді қаржы мониторингінің субъектілерінің қызметтерінен ажырату үшін типологиялар әзірленді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!