Есірткі қылмысына қатысты сотталған адамның жазасы қысқарды

Есірткі қылмысына қатысты сотталған адамның жазасы қысқарды
Фото: ©Tengrinews.kz / Турар Казангапов

Есірткі қылмысына қатысты сотталған адамның жазасы қысқарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы К.Гаппоевқа қатысты қылмыстық істі қарады. Сот үкімімен Гаппоев аса ірі мөлшерде есірткі затын өткізу мақсатында заңсыз сатып алғаны және сақтағаны үшін кінәлі деп танылған (ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігінің 1), 3), 5) тармақтары). Оған 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған болатын.

Істі зерделеген кассациялық алқа мынадай қорытындыға келді: Гаппоевтың қылмыс жасаудағы кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелердің жиынтығымен дәлелденген. Бұл ретте, оның сотталған ретіндегі әрекетіне дұрыс емес құқықтық баға берілген.

Гаппоевтың берген айғағы бойынша ол, "Сигнал" мессенджерінің координаттары арқылы "Румын" кураторынан есірткінің орналасқан жерін алып, тыйым салынған зат сақталатын гаражға келген, гаражға кірген кезінде оны құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұстаған. Оның айғағы қамауға алынған бейнежазбамен расталады.

Гаппоевты жеке тінту кезінде оның тек ұялы телефоны табылып, тәркіленген. Гаражды тінту кезінде есірткі заты "гашиш", электронды таразы, сыдырма қаптармен пленка алынған. Осындай жағдайда Гаппоевтың әрекеті қылмысқа оқталу ретінде саралануы керек.

Қылмыстық кодекстің 56-бабы 3-бөлігінің талаптарына сәйкес, қылмысқа оқталғаны үшін жазаның мөлшері Қылмыстық кодекстің бабында аяқталған қылмыс үшін көзделген жазаның ең ауыр түрiнiң ең жоғары мерзiмiнің төрттен үшінен аспауы керек.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде алқа Гаппоевтың әрекетін ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 297-бабының 3-бөлігінің 1), 3), 5) тармақтарымен қайта саралады, жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескеріп, жазаны қысқартып, 8 жыл 4 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина