- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- сот туралы
“Есірткі беріп, жабылып зорлаған“: Ақтаудағы жантүршігерлік іс бойынша басты айыпталушы өмір бойына сотталды

Ақтаулық фитнес жаттықтырушыға қатысты іс бойынша басты айыпталушы өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Оқиға салдарынан қыз өз-өзіне қол жұмсаған болатын, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақтауда бір топ ер адам ұрлап, зорлаған фитнес жаттықтырушының ісі бойынша апелляциялық сот отырысы аяқталды. Бес сотталушыға жаңа мерзім тағайындалды.
"Қылмыстық істің басты айыпталушысы өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Тағы бір сотталушыға 16 жыл, қалғандарына 13 жыл жаза мерзімі берілді", - деп жазылған мәліметте.
Оқиға қалай болған?
Былтыр мамырда ақтаулық фитнес тренер өзіне-өзі қол жұмсаған. Қайғылы жағдайға дейін бірнеше күн бұрын ол ауыр қылмыстың құрбаны болған. Мефедрон қолданған бейтаныс ер адамдар оған шабуыл жасап, ұрлап әкетіп, соққыға жыққан, кейін зорлап, екі миллион теңге көлемінде несие рәсімдеуге мәжбүрлеген.
Марқұмның туыстары не дейді?
Марқұм Алина спортшы болған, фитнес жаттықтырушы болып жұмыс істеген. Ол өз жұмысын жақсы көріп, спорттық шаралар мен марафондарға жиі қатысқан.
"14 мамырда ол жұмыстан кейін үйге жалғыз қайтып келе жатқан. Сол уақытта бейтаныс бес ер адам оны байқап, шабуыл жасап, күшпен көлікке отырғызған. Тергеу кезінде қылмыскерлер оның қыз екенін білмегенін, жігіт деп ойлағанын айтып ақталды", - деді марқұмның әпкесі.
Олар қызды түні бойы азаптап, қорқытқан, зорлық-зомбылық көрсеткен, жанармай бекетінде күшпен ұстап отырған. Мәліметке сүйенсек, қылмыскерлердің барлығы мефедрон қолданған. Кейін олар Алинаны да есірткі қабылдауға мәжбүрлеп, зорлаған.
Күдіктілер кімдер?
Күдіктілердің бірі - 1991 жылы туған ер адам, үйленген, бала тәрбиелеп отыр. Тергеу кезінде ол алғаш рет мефедрон қолданып көргенін айтып, ештеңе есінде жоқ екенін алға тартқан. Ол кінәсін мойындамаған. Қалған төртеуі қылмыстың барлық егжей-тегжейін айтып берген. Таң атқан соң күдіктілер қызды өзінің телефонынан екі миллион теңге несие рәсімдеуге мәжбүрлеген. Кейін бұл ақшаны базардағы таныстары арқылы шешіп алған.
Содан соң қызды қалаға әкеліп, біреуге айтса, өлтіретінін айтып қорқытқан.
"Өзіне қол жұмсамастан бұрын Алина бәрін құрбысына айтып берген. Құрбысы інісіне айтуға көндіреді. Алина қылмыскерлерді жазалау үшін соңына дейін баратынын айтқан. Інісі бұл туралы анасына айтуды сұраған, бірақ Алина ұялған", - деді марқұмның әпкесі.
Бұл сұмдыққа көне алмаған қыз терезеден секіріп кеткен. Марқұмның туыстары күдіктілерге қатаң жаза тағайындауды талап етті.
"Біз басты қылмыскерді өмір бойына бас бостандығын айыруды, қалған төртеуіне 15-20 жыл жаза сұраймыз", - деді Алинаның әпкесі.
Бұған дейінгі сот шешімі туралы
Бұған дейінгі сот жабық режимде өткен. Марқұмның туыстарының айтуынша, сот процесінде судья айыпты қайта қараған, себебі қыз өзіне-өзі қол жұмсаған. Кейін қайтыс болған қыздың туыстары апелляцияға берген болатын.
Маңғыстау облысының прокуратурасы да ақтаулық қыздың өліміне қатысты сот үкіміне апелляциялық өтініш берген. Ведомство кінәлілерге жазаны қатаңдатуды талап етті.
Прокуратура мәліметінше, 2024 жылғы желтоқсанда Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты марқұмға жасалған қылмыстар жиынтығы бойынша басты күдіктіге 20 жыл, ал оның төрт сыбайласына 7 жылдан 8,5 жылға дейінгі жаза тағайындаған. Ал прокурор сот жарыссөзінде басты күдіктіге өмір бойы бас бостандығынан айыру, ал қалғандарына 15-16 жыл жаза сұраған болатын.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова