Ақтауда бірнеше ер адам бойжеткенді ұрлап әкетіп, мефедрон беріп, қорлық көрсеткен. Жантүршігерлік жайт туралы НеМолчи.kz қоры мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қордың желіде жазған жазбасына сенсек, оқиға өткен жылдың мамыр айында болған. Жағдай туралы қор қызметкерлеріне марқұм қыздың ағасы баяндаған.
"Мереке қарсаңында марқұмның ағасы келген болатын. Қыз спортшы әрі фитнес-тренер болған. 14 мамыр күні жұмыстан соң үйіне жалғыз қайтып бара жатқан қызды бірнеше ер адам ұрып-соғып, күшпен көлікке отырғызған. Көзін байлап, оны қорқытып, түні бойы жанармай құю бекеті маңында ұстаған. Көліктегі зорлаушылардың бірі қызға қинап мефедрон берген. Оның әйелі, баласы бары анықталды. Сорақысы, адамтөзгісіз ұятсыз бейнежазбалар көруге мәжбүрлеп, бірнеше рет зорлаған. Таңға жуық жәбірленушіден онлайн банк арқылы 2 миллион теңге несие алдыртқан. Ер адамдардың бірі болған жайтты ешкімге айтпауын ескертіп, қызды қорқытып, қалаға тастап кеткен", - делінген жазбада.
Оқиға жайлы құрбысына айтқан қыздың арыз жазуға бекінгені айтылды. Алайда қорлық көрген бойжеткен 9-қабаттан секіріп кеткен.
"Жағдайдан кейін бойжеткен бірден құрбысына бәрін баяндайды. Құрбысы ағасына хабарласып, олар бірден оқиға болуы мүмкін жанармай бекетін тауып алған. Сол уақытта ағасы қарындасына хабарласып, соңына дейін күресетіндерін жеткізген. Қыз да арыз жазуға келісімін берген. Алайда сол мезетте-ақ қыз құрбысының көз алдында терезеден секіріп кеткен", - деп жазды НеМолчи.kz.
НеМолчиKZ бұл істі Бас прокуратура назарына алуды сұрайтынын жазған. Қор ақпаратына сенсек, қайғылы оқиға жайлы Ақтаудағы БАҚ өкілдері "қыз құлап қаза тапты" деген ақпарат берген.
Сонымен қатар НеМолчиKZ қоры қызды зорлаған 5 қылмыскердің төртеуі 3-4 жыл ішінде шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін екенін жазды.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті аталмыш оқиғаны растап, істің сотқа жеткенін мәлімдеді. Мassaget.kz редакциясы облыстық соттан қылмыстық іске қатысты жауап сұратты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!