Есірткі азық-түлік деп сатылған: Павлодар облысында қитұрқы схема әшкере болды

Павлодарда заңсыз есірткі айналымы және қылмыстық кірісті заңдастыру дерегі бойынша сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

ҚМА Павлодар облысы бойынша департаменті тергеп-тексеру жүргізді. З.Ф.А. есірткі қосылған көкнәр тұқымын азық-түлік өнімі ретінде көрсетіп, заңсыз өткізуді ұйымдастырғаны анықталған.

Қылмыстық схемаға күдіктінің жақын туыстары да қатысқан. Олардың арасында жеткізу, сақтау, буып-түю және өткізу міндеттері бөлінген. Өнімдер басқа өңірден логистикалық компаниялар арқылы жеткізіліп отырған. Ол көкнәр тұқымы мен дәмдеуіштер ретінде сатылған.

Тінту барысында есірткі араластырылған көкнәр тұқымы тәркіленді. Қаражат қолма-қол ақша түрінде де, банк аударымдары арқылы да қабылданған. Қылмыстық жолмен келген табысқа ұйымдастырушы екі көлік сатып алып, оларды жасыру мақсатында үшінші тұлғалардың атына рәсімдеген.

Сот шешімі

Сот үкімімен А. мен оның екі сыбайласына 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Көліктер мемлекет кірісіне тәркіленді. Сондай-ақ, құрамында есірткі бар 321 келі көкнәр тұқымы жойылды.

Үкім заңды күшіне енді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!