Алматыда аптаптан жедел жәрдемнің көмегіне жүгінетіндер көбейген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Орта есеппен Алматыда дәрігерлерге жүгінгендер саны 200 адамнан асқан.
Телеарна мәліметінше, қалыпты күндерде жедел жәрдем нөміріне 1800-ге тарта қоңырау түседі. Бұл - бір күндік көрсеткіш. Қазір көмек сұрап хабарласатындар, орта есеппен алсақ, 2000-ға жеткен. Әрине, мұның бәрі ыстықтан зардап көріп жатқандар емес. Дегенмен дәрігерлердің айтуынша, тымырсық ауада тынысы тарылып, есінен танатын адам көп. Ал күннің ыстығы жүрек-қан тамыр жүйесінде ақауы барлар үшін қауіпті.
"Күннің ыстығы құлақтағы дыбысқа әсер етіп, беттің қызаруы, есінен танып қалу, құсуға дейін алып барады. Соған байланысты, шақырту өте көп. Алдыңғы күндері 10-12 шақырту болса, қазір 200-ге дейін барады. Бір күнде бір бригаданың өзінде 20 шақырту келіп жатыр", – деді жедел жәрдем станциясының дәрігері Ақжан Бадаев.
Жедел жәрдемнің көмегіне жүгінетіннің көбі - орта жастан асқан азаматтар. Күн сәулесі өткенінің алғашқы белгісі ретінде дәрігерлер шаршау мен бастың айналуын атап көрсетеді. Жүрек айныған жағдайда да қауіптің барын ескерген жөн.
Ескерер бір жайт бар: күн өткенінің симптомдары кейде инсульт пен аллергияның белгілеріне ұқсауы мүмкін. Сондықтан әлсіздік болса, үй жағдайында ем қабылдап, өз бетінше диагноз қоюға болмайды.
"Көшеде, күн астында ұзақ жүруге болмайды. Күн сәулесі тіке түссе, көру қабілетінің бұзылу қаупі бар. Сондықтан көзілдірік, бас киім сынды қарапайым қорғаныс құралдарын тастамаған жөн. Біз аптапта ақ киім кию керегін жиі айтамыз. Оның үстіне суды көбірек ішкен абзал. Ал жүрегінде ақауы бар адамдардың мүлдем сыртқа шықпағаны дұрыс", - дейді жедел жәрдем стансасы бөлімінің аға дәрігері Айгүл Ерманова.
Синоптиктер "Алматыдағы аптап 41 градусқа дейін барады" дейді. Алдағы аптада байқалатын мұндай ауа райы елдің басым бөлігінде сақталмақ. Сондықтан қарапайым ереженің өмір қауіпсіздігіне әсер ететінін ұмытпаған жөн.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!