"Астана ЭКСПО-2017" компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов бокстан әлем чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Геннадий Головкинмен кездесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ұлттық компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Есімов спортшыға "ЭКСПО-2017" көрмесін халықаралық аренада ілгерілету бағытында атқарып жатқан жұмысы үшін алғыс білдірді. "ЭКСПО-да сіздің спорттық мансабыңызды ынтызарлықпен қадағалап отырады. Біріншіден, біз, барлық қазақстандық сияқты өзіңізді еліміздің мақтанышы санаймыз. Екіншіден, көрмені әлемге таныту бастамасын мойныңызға алғаныңызға шексіз қуаныштымыз", - деді Ахметжан Есімов.
Геннадий Головкин өз кезегінде көрме тақырыбының маңыздылығын жеткізу барысында барлық күш-жігерін салатындығын айтты. "Мен үшін "ЭКСПО-2017" көрмесінің ресми елшісі болу әрі тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең бір ауқымды жобалардың бірін таныстыру үлкен мәртебе", - деді Головкин. Кездесуді қорытындылай келе, Қазақстанда ірі бокс-ивент өткізу әрі бұл спорттық шараны "Астана ЭКСПО-2017" көрмесіне орайластыру мәселесі талқыланды.