"Есімімнен ұялатынмын". Қызылордалық Саддам Хусайын мектеп бітірді

"Есімімнен ұялатынмын". Қызылордалық Саддам Хусайын мектеп бітірді

Қызылордалық Саддам Хусайын биыл мектеп бітіріп, ұлттық бірыңғай тестілеу сынағынан жоғары ұпай жинады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Он сегіз жастағы бозбалаға ширек ғасыр бойы Иракты билеген диктатор есімін әкесі қойған.

"Сол кездері телеарналарда саяси қайраткер туралы жиі көрсетіліпті. Тәтем содан "бөпенің атын Саддам қоямыз" деп әзілдейді екен. Айтқандай, әкем өзінің есіміне ұйқастырып солай атаған. Аты-жөнімді естігенде көбі түсінбей қалады, қайталап сұрайды. Таңырқап қабылдайтындар да аз емес. Кішкентай кезімде есімімнен ұялатынмын. Кейін үйреніп кеттім", - деді кейіпкеріміз.

Саддам Хусайын Қармақшы ауданының Жосалы кентінде орналасқан Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейді тәмамдады. Озат оқушылардың қатарынан. Сабақтан тыс уақытта бокспен айналысты.

"Атам тарихшы-географ болған. Сол кісінің ізін қуып, ғылыми тарих мамандығын таңдадым. Кейінгі екі жыл бойы жатпай-тұрмай сынаққа дайындалдым. ҰБТ-да жинаған ұпайымның ішіндегі жоғарғы шегі – әзірге 112 балл. Алдағы уақытта тағы да тапсырып, одан да тәуір көрсеткішке қол жеткізгім келеді. Арманым – Алматыдағы әл Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқу", - деді Саддам Хусайын.

Кейіпкеріміздің тарих пәніне қызығушылығы жоғары. Өзіне есімі берілген саяси тұлғаның өмірбаянымен жақсы таныс.

"Ол 1979-2003 жылдар аралығында Иракты басқарған. Мемлекетті осынша уақыт ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған", - деді диктатордың аттасы.

Саддам Хусейн билігі 2003 жылы АҚШ пен Ұлыбритания құрған коалицияның шабуылы кезінде құлап, 2006 жылы өзі өлім жазасына кесілгені тарихтан белгілі.

Айтпақшы, Қызылорда облысында сондай-ақ Бен Ладен есімді жігіт тұрады. Бүгінде оның жасы – 23-те.

Назерке САНИЯЗОВА,
Қызылорда облысы.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz