"Есіме түсіре алмаймын". Түркістан облысында әйел 25 жыл бойы есімін, жасын, тегін білмей өмір cүрген
Түркістан облысының тұрғыны 25 жыл бойы өзінің атын, тегін, жасын, ұлтын, тіпті туған күнін білмей өмір сүріп келген. Өзіне Гүзәл деп ат қойған әйелдің сөзінше, төрт жасына дейін Ташкенттегі жетімдер үйінде өскен. Ал тоғыз жасқа толғанда Құралай есімді әйел асырап алған, кейін Қазақстанға келген. Ол бұл отбасында да қорлық көріп, қашып кеткенін жеткізді. Әйел отыз жасқа таяғанда өзінің кім екенін, қайда туғанын білу мақсатында "Көреміз" редакциясына жүгінген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Гүзәлдің сөзінше, қолында ешқандай құжаты жоқ, жанында жақындары жоқ. Өзі туралы ештеңе білмейді. Тек балалық шағы Өзбекстанда өткені еміс-еміс есінде. Оның айтуынша, төрт жасына дейін Ташкенттегі балалар үйінде тәрбиеленген. Төрт жасында Ділбәр есімді әйел асырап алған. Гүзәл төрт жастан тоғыз жасқа дейінгі өмірі таяқпен өткенін, асырап алған Ділбәрдан кетуге дайын болғанын айтады. Ал тоғыз жасында сол өзбек әйел Гүзәлді танысына, яғни қазақ әйелге беріп жіберген. Осылайша, Гүзәл Өзбекстаннан Қазақстанға келген. Ол басында азаптан құтылғанына қуанғанын айтады. Бірақ тағдыр тәлкегіне түсіп, он бес жасынан бері көше кезіп жүр. Өйткені бағдарлама мәліметінше, бұл отбасында Гүзәл сол үйдің екі баласынан аға ретіндегі жылулық алудың орнына, қорлық көрген, олар арын таптаған. Осылайша, Гүзәл сол отбасымен сауда істеп жүрген жерінен сәтін тауып, қашып кеткен.
Ол сол кезде қарны ашып, тамақтанатын орындардың біріне кіргенін еске алды. Сол жерде бір бейтаныс әйелмен танысып, сол жерде жұмыс істеуге ұсыныс алған. Гүзәл қазірге дейін кафеде жұмыс істейді екен.
Оның айтуынша, алғашында құжаттары болған. Ал кейін қашқан кезде бәрі асырап алған қазақстандық әйел Құралайда қалып қойған.
"Есіме түсіре алмаймын", - дейді ол өткені туралы.
Видеодан алынған кадр
Ұзақ жыл бойы Гүзәл өзін асырап алған екі әйелді де іздеу тырысқан. Бірақ нәтиже болмаған.
"Маған келген кезде "жасың тоғызда" деді. Мен содан есептеп келіп, жасым отыз жетіде ойлаймын. Білетінім - балалар үйінде Гүзәл болғаным. Қазірге шейін Гүзәлмін. Өзімнің атымды Гүзәл деп, жасымды отыз жетіде таныстырамын. Бірақ жасым қаншада екенін, қай жерде туғанымды білмеймін", - дейді Гүзәл.
Бағдарлама журналистері алты ай зерттеу жүргізіп, Гүзәлді асырап алған Құралай есімді әйелді табуға тырысқан. Алайда көзі көргендердің бірі оның қайтыс болғанын айтса, енді бірі Астанада тұратынын жеткізген. Ақыр аяғында оның балалары табылып, әйелдің жетпістен асып кеткені, оның Сарыағашта ем алып жатқаны анықталған. Сондай-ақ, бағдарлама барысында журналистер Өзбекстанға да барған. Онда да Гүзәлді асырап алған әйел табылған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова