Саран тұрғыны танкке Z белгісін қойғаны үшін 7 тәулікке қамалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы материалды Саран қалалық соты қарады. Құқық бұзушыға ӘҚБтК-нің 434-бабы "Ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиiсу, тұрғын үй-жайларды қорлау және айналасындағыларға сыйламаушылықты бiлдiретiн, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер" бойынша айып тағылған.
"Әкімшілік құқықбұзушылық туралы материалды Саран қаласының полиция бөлімі дайындады. 29 шілдеде сағат 04:11 шамасында құқық бұзушы қоғамдық жерде, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысының батырларына арналған орында танк ескерткішінің мұнарасын Z белгісімен бояған. Сот 7 тәулікке әкімшілік қамауға алу түрінде жаза қолдану туралы қаулы шығарды", - деді Саран қалалық сотының баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігінің санкциясы 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды немесе 10 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуды көздейді.
Сот қаулы шығарған кезде кінәлінің жеке басын, құқықбұзушылық жасалғанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын, кінәсін мойындауын және жасаған әрекетіне өкінуін, жауаптылықты ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескерді.