- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Көлікті қыздыруға қатысты
Ескі көлік иелері айыппұл төлейді - Сенатор көлікті 5 минут қыздыру жайлы

Сенат депутаты Марат Қожаев кулуарда БАҚ өкілдерінің "Солтүстіктің бүгінгідей аязында көлікті 5 минут қыздыруға уақыт қалай жетеді?" деген сұрағына жауап берді. Аталған мәселе өзге елдерде баяғыда шешіліп қойған деген сенатор журналистерден бұл мәселені ушықтырмауды сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Бұл уақыт жеткілікті. Жыл сайын көліктің техникалық сипаттамалары өзгеріп жатыр. Егер назар аударсаңыздар, заманауи көліктер "push start" құрылғысымен жабдықталған. Бұл техникалық шешім. Қазіргі таңда жаһандық мәселелердің бірі - экология. Бұдан бөлек, барлық заманауи майлар көлікті қыздырмай-ақ жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанда ойлап табылған жаңашылдық емес, дамыған барлық елдерде жасалған. Әлем басқа мәселелерді талдап жатыр, түптеп келгенде, бұл - ауа тазалығы, экология мәселесі ғой. Өздеріңіз репортаждарыңызда "тазалығына сөз жетпейді" деп мақтайтын Сингапурде жерге сағыз тастасаңыз айыппұл төлейсіз, мәселені өздеріңіз ушықтыра бермесеңіздерші", - деп шамданды сенатор.
Өз кезегінде халықтың бәрі жаңа көлік мінбейтінін еске салып, жигули немесе қарапайым ескі көлік мінетіндер қайтеді деген сауал қойдық. Депутат жаңа көлік алғанша айыппұл төлейді деді.
"Айыппұл төлейді. Тағы да айтамын, әр депутат немесе қоғам, әр адам түрлі пікірді айта береді. Бірақ заң мен тәртіп қағидатын дамыту үшін бәріміз тәртіпті болуымыз керек. Тек өзіңді ғана ойламай, көршілер мен басқа да адамдарға зиян келтірмеу жағына да назар аударған жөн. Бұл норма не үшін қабылданды? Тұрғын үй кешенінің ауласында көліктің түтінін будақтатып қойсақ, жанған отынның зиянды заттары ауаға тарайды. Қозғалтқышы ұзақ қосылып тұрған автокөліктің дыбысы балалардың ұйықтауына да кедергі болып жатады. Сондықтан адамдардың мазасын алмау үшін осындай талаптар қарастырылды. Осы мәселелер заңмен реттеліп тұруы керек. Баптың өзіне назар аударсаңыздар, онда тұрғын үй аумақтарында, аулаларда бес минуттан артық оталып тұрған, азаматтарға ыңғайсыздық әкеліп отырған көліктерге ғана қатысты. Бұл норма барлығымыздың құқығымызды қорғайды", - деді сенатор
Еске салайық, бұған дейін енді қазақстандықтар көлікті 5 минуттан артық қыздырса, айыппұл төлейтіні хабарланды. Бұл ереже бойынша айыппұл мөлшері - 5 АЕК (2025 жылы 19 660 теңге), ал қайталанған жағдайда 10 АЕК (2025 жылы 39 320 теңге) болады.
Алайда депутат Серік Ерубаев көлікті 5 минуттан артық қыздырғаны үшін айыппұл салатын норманы қайта қарауды ұсынды. Қазақстандықтардың жаппай қарсылығынан кейін Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев автокөлікті қыздыру бойынша тәжірибе жүргізіп, нәтижесін әлеуметтік желіде бөлісті.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Бақдаулет