Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Ескі Қазақстанда қылмыс жасаған басшыларды жауапқа тарту ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттық сауал Бас прокурор Берік Асыловқа жолданды.
"Қоғамда ескі Қазақстандағы коррупция, белгілі бір саяси топтың мүддесі үшін қабылданған шешімдердің бар екені белгілі. Соңғы уақытта аталған мәселелер бойынша ірі саяси қызметте болған азаматтардың әртүрлі әлеуметтік желілердегі мәлімдемелері қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Мысалы, бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған Амангелді Шабдарбаевтың өзі бірнеше рет ашық сұхбат берді", - деді Абзал Құспан.
Оның айтуынша, экс-төраға, генерал-лейтенант Шабдарбаевтың сол кездегі мемлекет басшылығы тарапынан уран кеніштері кімге, қалай үлестірілгені туралы сұхбаттарда нақты мысалдар келтірген.
"Ол (Амангелді Шабдарбаев) әртүрлі саяси фамилияларды атап, кімнің қандай қылмысқа барғанын әшкереледі. Жер-қазба байлықтарына байланысты, олардың заңсыз үйлестірілуіне тікелей дәлелмен Мұхтар Жәкішев, тағыда басқа бірқатар азаматтың ашық сұхбаттары, мәлімдемелері жарияланып, онда ірі компанияларға Қазақстан халқына тиесілі байлықтың таратылуы, заңсыз берілу нақты айтылған.
Аталған азаматтардың сұхбаттары млн-даған көрілім мен мыңдаған пікір жинағанын бәріміз көріп отырмыз. Соған қарамастан, құқық қорғау органдары, прокуратура тарапынан ешқандай реакция байқалмайды. Бірде-бір мәселе көтерілмейді", - деді депутат.
Осыған байланысты Абзал Құспан ескі Қазақстанда мемлекетті тонаған басшыларды тергеу керек деп санайды.
"Қолданыстағы Қылмыстық-процестік кодекстің 180-бабының талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастауға, қылмыстық құқықбұзушылық белгілерін көрсететін жеткілікті деректер, оның ішінде БАҚ-тағы хабарлар негіз болып саналатыны анық көрсетілген.
Жоғарыда аттары аталған азаматтарың саяси қызметте болғанын білеміз, олардың мәлімдемелерінің негізі бар деп есептеуге болады. Тіпті олай болмаған жағдайдың өзінде, ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 180-бабына сәйкес СТБТ (ЕРДР) тіркеліп сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп оның нәтижесі халыққа хабарлануы керек деп білемін. Себебі, БАҚ-та жарияланған қылмыс туралы ақпаратты СТБТ-ға тіркеу құқық қорғау органдары үшін талқылауды қажет етпейтін, императивті норма! Осындай ашық ақпаратты Бас прокуратура құқық қорғау органдарынан уақтылы тексеруді талап етпеуі, ел арасында әртүрлі алып-қашпа әңгімелердің тарауына себеп болып саналады", - ол.
Оның пікірінше, Бас прокуратура мұндай деректерді тергеуі керек.
"Жоғарыдағы айтылғандарды ескеріп, Бас прокуратура – заңдылықтың орындалуын қадағалайтын Конституциялық орган ретінде, қоғамда резонанс тудыратын саяси мәлімдемелерге дер кезінде құқықтық баға беруі, дәлелдер мен дәйектер жеткілікті болған жағдайда қылмыстық істің сотқа жеткізілуін қамтасыз етуі қажет", - деді Абзал Құспан.
Аяз Есен
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!