"Ескі Қазақстан мен Жаңа Қазақстанның күресі". Киноны қолдау орталығында тағы да дау шықты

"Ескі Қазақстан мен Жаңа Қазақстанның күресі". Киноны қолдау орталығында тағы да дау шықты
Фото: Ернар Алмабек

Ұлттық киноны қолдау орталығынан тағы да дау шықты. Орталықтың кеңсесінің алдына жиналған бір топ киногерлер Президентке наразылық үндеуін жолдады. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма Төрағасы Есетжан Қосыбаевтың сыртқа шығуын талап етті.  Мassaget.kz  порталының тілшісі жиналған киногерлермен тілдесті.

Жиналған қауымның пікірінше, Киноны қолдау орталығы заң бұзып отыр.

"2023 жылы наурызда ұлттық киноны қолдау орталығы өткізген жобаларды іріктеу конкурсы өрескел заң бұзушылықтармен өтті деп есептейміз. Біз президентке, президент әкімшілігіне және мәдениет минстрлігіне ұлттық киноны қолдау орталығының заң бұзушылықтарын айтып, бірнеше рет атап хат жолдаған болатынбыз. Бұл мәселені Қазыбек Иса бастаған бірқатар депутаттар парламентте де көтерді. Бірақ аталған мәселені шешуге орталық мүлде құлықсыздық танытып отыр", - делінген наразылық үндеуінде.

Ерлан Төлеутай, сценарист: "Киноның басшылығына түсініксіз адамдар отырып алған"

Белгілі өнертанушы, әнші көптеген фильмдердің сценариін жазған Ерлан Төлеутай киноны қолдау орталығына көңілі толмайтынын ашық айтты.  

"Мемлекетті жоққа шығармаймыз. Олар қолдан келгенше ұлттық киноның дамуына қаржы бөледі. Бірақ мына жақтағылар сол қаржыға көз тігіп отыр. Жастар шығармашылығы қараусыз қалды. Киноның басшылығына түсініксіз адамдар отырып алған. Бұрынғы партияшылдар, комсомолдар әлі де кино басқарып отыр. Жастар оларға қарсы. Мына митинг ескі Қазақстан мен Жаңа Қазақстанның күресі. Жоғарғы жақ өзгергісі келмейді. Олар әлі сол тізеге басу, қорқыту-үркітумен жұмыс істейді. Жастар неге шықты? Олар сол қорлыққа көнгісі келмейді. "Мемлекет берген қаражат, өнерге жұмсалсын" дейді. Кино алдыңғы шептегі авангардтық өнер. Әлемдік ой айтылатын өнер. Сондай өнерді қор етіп отырмыз. Біз осыған наразымыз", - дейді Ерлан Төлеутай.

Жиналған қауым кино орталығындағы мамандар жұмысты қазақша жүргізсін дегенді де айтады.

"Кеше брифинг өткізді, орысша. Қазақтың ақшасына түсірілетін қазақтың киносы емес пе? Мына жерге келсең қонаққа келгендей боласың. Бұл біздің үйіміз. Ұлттық деген атты не үшін береді? Кино идеологияның құралы. Ұлттық нышаны болмай тұр. Біз Орта Азияда алда едік. Қазір Өзбекстан ұлттық киноға үлкен мән беріп жатыр. "Темірлан" деген фильм түсіруге кірісіп жатыр. Кино туралы заң қайта қаралуы керек" - дейді олар.

Уалихан Исабаев, режиссер: "Өздерінің Қотыраш-пен Батырашын өткізу үшін жасады"

Режиссер Уалихан Исабаев іріктеуден өткен сценаридің ұлттың құндылығы жоқ деп отыр.

"Өткенде Абаевпен кездескенде ол: "30 жылда бір ұлттық кино шықпаған" деп айтты. Әрине шықпайды. Қазақ киносын қолдау орталығы алдымен сценариді қарамайды. Ал әлемде бірінші сценарий. 153 сценариді алып тастады. Оның ішінде ұлттық туындылар да бар. Неге олай жасады? Өйткені, өздерінің Қотырашы мен Батырашын өткізу үшін жасады. Олардың аннотациясымен таныстым. Ұлттық құндылығы жоқ фильмдер. Идологиялық мәселені қозғайтын кинокартиналар алынып тасталды. Ұлттық кино қолдау орталығында кино өндірісімен айналысқан адам жоқ. Жан-жақтан жиналған мамандар", - дейді Режиссер Уалихан Исабаев.

Продюсер Жансерік Шонаұлы әріптесінің сөзін қолдайды. Оның айтуынша, осы орталықта отырғандардан сұрасаң бірде-біреуі қазақша жауап бере алмайды екен.

"Қазақша сұрасаң саған жақтырмай қарайды. Сондықтан қазақша жазылған сценарилерді оқымайды. Қалай оқиды, егер қазақша білмесе?! Ал мына 153 өтпей қалған сценаридің басым бөлігі қазақша жазылған. Сол үшін қарамаған", -  дейді продюсер.

 

brod.kz

Елзат Ескендір, режиссер: "Басшылықта сәбеттік көзқараста қалып қойған адамдар отыр"

Бұл наразылыққа режиссер Елзат Ескендір де келген. Ол бүгінгі өтіп жатқан наразылық кешенді түрде Кино Орталығында түзелуі керек жиналып қалған мәселелерді қамтитынын айтады.

"Бүгінгі митингтің мақсаты әділетсіз өткен кино жобалардың іріктеуіне қарсылық. Алдымен наразылық бірінші орынға сценарий емес құжат шыққаннан басталған еді. Қазір мен де келдім. Биылғы питчингке қатысып жатқан жоқпын. Бірақ кино орталығында кешенді түрде жасалу керек өзгерістер бар. Біз соған назар аудартуымыз керек. Кино орталығында эксперттік кеңестегі кемшіліктер айтылуы керек. Өндіріске жіберілген жобалардың қадағаланбауы, ақшаның кеш берілуі т.б. Мысалы, биыл питчинг өтеді. Жоба тамызда өндіріске жіберіледі. Ал қаржы одан да кеш түседі. Мысалы, біз былтыр қарашаның басында ғана ақша алдық. Ал осы аралықта дайындық кезеңі өту қажет. Түптеп келгенде мұның бәрі киноның сапасына әсер етеді", - дейді Елзат Ескендір.

Оның айтуынша, мемлекет ақша бөлгенімен, қаражат киногерлерге кешігіп жетеді. Соның әсерінен көп нәрсені жылдам істеуге мәжбүр болады. Түптеп келгенде мұндай жұмыс фильм сапасына әсер етеді.

"Мемлекет киноға ақша бөліп жатыр. Дау жоқ. Сол берілген ақша қолымызға уақытында жетпейді. Барлық нәрсе уақытқа бағынады. Уақыт тығыздығынан сапа кетеді. Біз ел алдында, халықаралық деңгейде сапалы дүние жасағымыз келеді. Кинофестивальдерге ұялмай ұсына алатын туынды дайындасақ дейміз. Өнер – халықтың бейнесі. Сапалы дүниеге қашан да уақыт керек. Соған бізге мұрсат беруі ләзім. Осындай кемшіліктер бар. Жеке өзім мұндай мәселеге тап болдым. Бірақ компромисске баратындар бар. Бірақ ондай жоба көбіне сәтсіз шығады. Ол кімге керек?! Не көрерменге жетпейді не автордың өзіне қажет емес. Әшейін, "отчет" қана. Ақша босқа шашылады", - дейді режиссер.

Елзат киноны басқарып отырған мамандар баяғы ескі түсінікте қалып қойғанын, сондықтан әлемдік трендтерді білмейтін айтады.

"Оған жол бермеу үшін продюсерлік мектепті түзеуіміз керек. Мына жерде қордаланған кешенді мәселелер бар. Солардың барлығы қадағаланып, орнына қойылса ғана кино дамиды. Сол кезде ғана "қазақ кино түсіреді, бірақ ол ешкімге керек емес" деген көрермендер тарапынан пікір айтылмайды. Қазіргі наразылық соларға назар аударту. Басшылықта сәбет кезіндегі көзқараспен қалып қойған мамандар отыр. Кейде қорғауға қатысамыз, олар фильмді кеңес кезіндегі көзқараспен қарайды. Олардың көзқарасы әлемдік тенденциядан алыс, білмейді. Ол дегеніміз дамымау ғой. Кері кету. Біз мұнымен келісе алмаймыз. Бірақ билік солардың қолында. Шешімді солар шығарады. Өндіріске солардың айтуымен кетеді. Бүгінгі қоғамға сай кино түсіреміз десек, біздің қоғамда қала берді әлемде не трендте, соған сай үн қатуымыз қажет. Заманауи боламыз десек, солай әрекет етуіміз керек. Мына түрімізбен сәбеттік дәуірде қалып қоямыз", - дейді режиссер.

"Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы" КЕАҚ басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Бауыржан Шүкенов келді. Ол мұндай мәселелер жылдам шешілмейтінін айтып, жиналғандарды ғимарат ішінде отырып талқылауға шақырды. Бірақ киногерлер мәселе дәл осы жерде, журналистер алдында шешілуі керек деп табандап тұрып алды.

Наразылық топ Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма Төрағасы Есетжан Қосыбаевтың келуін талап етті. Бірақ Басқарма төрағасы кезекті еңбек демалысына кеткен екен.

Содан кейін жиналған киногерлер мынадай талап қойды:

  1.  2023 жылдың 23-25 мамыр аралығында заң бұзушылықпен өткелі отырған питчинг тоқтатылсын;
  2. Құрамында Мәдениет министрлігінің өкілі және тәуелсіз заңгер бар арнайы топ құрылып, наразылық топ өкілдерінен бірнеше адам бақылаушы болып бекітілсін;
  3. Арнайы комиссия мен бақылаушылар іріктеуден өткен 130 жоба мен іріктеуден өтпеген 153 жобаның құжаттарын тексерсін;
  4.  Егер қандайда бір заң бұзушылық анықталса, шешім шығарған Ұлттық Киноны Қолдау  Мемлекеттіік Орталығының басшылары мен жауапты қызметкерлері заң аясында жауапқа тартылсын!

Айта кетейік, бұған дейін де Ұлттық Киноны Қолдау Орталығынан дау шыққан болатын. Аталмыш орталық құжат мәселесімен питчингке қатысудан 153 жобаны алып тастаған еді.

Бұл туралы мақаланы мына жерден толық оқи аласыздар.

Т. Раушанұлы