“Ескі жүйенің өкілі билікке қайтып келеді“ деген қауесеттің ешқандай негізі жоқ“ - депутат Бәпи

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи жалпыхалықтық референдумға ұсынылған жаңа Конституция жөнінде мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутаттың пікірінше, қазір әлем елдері арасындағы қарым-қатынас тәртібі күрт өзгеріп, күрделі саяси тәуекелдер қарқын алған, экономикалық тұрақтылық теңселіске тап болған, алмағайып әрі өліара кезеңде тұрмыз.  

"Бүкіл әлемнен тыныштық кетіп, дүние отқа оранып жатқанын көріп отырмыз. Бұған дейін талай сындарлы кезеңнен өтіп, бірлік пен береке қажет екенін терең түсіндік", - деді ол.

Депутаттың айтуынша, қазіргі сәт - қатені кешірмейтін, парасатты, пайымды шешімді қажет ететін кезең.

"Осындай аумалы-төкпелі уақытта Қазақстан өзі таңдаған жолынан таймай, ел қауіпсіздігі үшін батыл бастамаларға бет бұруға тиіс еді. Осы бағыттағы біз үшін ең маңызды бастама - жалпыхалықтық референдумға ұсынылған жаңа Конституция жобасы. Алайда қоғамда көптен күткен нақты саяси өзгерістердің маңызын түйсінбей, қиямпұрыс қылық танытып жүрген жекелеген азаматтар бар. Осы ретте бірден сұрайын, "жаңа Конституция жобасын оңды-солды, тисе терекке, тимесе бұтаққа" деп сынаушылар ескі жүйенің "диірменіне су құйып" жүргендерін біле ме екен? Елдің іші мен сыртындағы нақты реализм мен конструктивизмнен жұрдай сыншылдық бүгінгі жағдайда тап-таза популизмнің үлгісі болмақ", - деді ол.

Ермұрат Бәпидің айтуынша, дәл осы тұста қоғамда "жаңа Конституция суперпрезиденттік жүйені қайтадан қалпына келтіреді" деген қаңқу сөздер тарап жүр.

"Жоғары лауазымды мемлекеттік тұлғалар Сенаттың келісімімен тағайындалатын бұрыннан бар процесуалдық тәртіп ендігі кезекте бір палаталы Құрылтайдың құзіретіне ауысатыны Президенттің құзіретін күшейтеді деген пікір санаға сыймайды. Бұл - негізі жоқ жаңсақ пікір. Жаңа Конституцияны қабылдаған соң "ескі Қазақстанмен" толық қош айтысамыз! 2022 жылғы конституциялық реформалар кезінде суперпрезиденттік модельден бас тартып, бір рет сайланатын, жеті жылдық классикалық президенттік жүйеге көштік. Мемлекеттік саяси қызметтегі туыстық ықпал мен мүдделер қақтығысы конституциялық негізде жойылды. Сондықтан ескі жүйенің ет жақын "өкілі билікке қайтып келеді" деген қауесеттің ешқандай негізі жоқ. Жаңа Конституция жекелеген тұлғалардың немесе белгілі бір топтардың ықпалын күшейтуге емес, керісінше билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз етуге және туыстық, жеке байланыстар арқылы саяси үстемдік орнату мүмкіндігін шектеуге бағытталған. Бұл жаңа Конституцияның бұлжымас қағидаты, өзгермес нормасына айналады!" - деді ол.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!