Қызылордадағы әкімдік ғимараты қазір қоршаусыз. Ол жердегі құрылыс материалдары басқа қажетке жарап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Биік қоршау халық пен билік арасындағы тас қамалдай көрінетін.
"Халықтан қымтанып, тығылып отырмаймыз. Әкімдік қоршауының бәрін алып, парк жасаймыз", - деп түсіндірген еді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы көктемде қоғамдық кеңес отырысында.
Кейін жауапты мекеме де өз жауабын берді.
"Алдынан шыққан материал, қоршау түгел біздің теңгерімге алынып, жиегіндегі бордюрлер мектеп, балабақшаларға есептеліп беріледі. Заттардың бәрі заңды түрде актіленіп қабылданады, ешкімнің мүлкі болып қалмайды", - деген болатын қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Дархан Бақтияров.
Қоршау бар кезде болған құрылыс материалдары қазір қайта қолданылып жатыр. Ғимарат аумағынан жалпы 2400-ге жуық плита, 80-нен аса қоршау және 1800 шаршы метрден аса брусчатка шыққан. Олар мектеп, балабақша аумағын, ескерткіштер мен субұрқақтарды жөндеуге пайдаланылып жатыр.
Назерке Саниязова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!