- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жантүршігерлік қылмыс
“Ешкімге зияны жоқ еді“. Ақтауда қаза тапқан жаттықтырушы қыз Алинаның құрбысы сұхбат берді
Ақтауда қаза тапқан жаттықтырушы қыз Алинаның құрбысы Әсел Tengri TV-ға берген сұхбатында жәбірленуші туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алина мен Әсел 2021 жылғы 30 қазанда танысқан. Алғашында Әсел топтық жаттығуға барып, кейіннен Алинаның жеке жаттықтыруына көшкен.
"Мен арнайы жаттығу жасау үшін кроссфит залына барған болатынмын, алдымен оның топтық жаттығуына қатыстым, кейіннен мені жеке дайындай бастады. Алина екеуміз жаттығуды бастадық, сол кезден бастап жақсы сөйлесіп, жақын дос болып кетттік. Үйіміз бір-біріне жақын болды", - деді ол.
Әсел құрбысы Алинаны ешкімге зияны жоқ, білімді, өмірге деген көзқарасы ерекше қыз ретінде еске алды.
"Алина ешкімге зияны жоқ адам еді. Ол Маңғыстау облысы мен Ақтаудың бүкіл құрама спортшыларын қоян-қолтық ұрыс, тхэквондо, дзюдо, карате бойынша жаттықтырған мықты жаттықтырушы болды. Ол қоғам алдына көп шыға бермейтін, сондықтан оны көп адам тани бермеді, бірақ спортшының бәрі танитын. Өзі ақ көңіл болды, музыкасын тыңдап, киносын көріп, күні-түні кітап оқитын білімді қыз болды. Бакалавр, магистратурасын қызыл дипломға бітірген. Орыс, қазақ тілінде еркін сөйлейтін, марафондарға қатысатын, 41-42 шақырымды қиындықсыз жүгіретін", - деді ол.
Еске салайық, 2024 жылы мамырда Алина өзіне-өзі қол жұмсады. Қайғылы оқиғадан бірнеше күн бұрын қыз жантүршігерлік қылмыстың құрбаны болды. Есірткі тұтынған бейтаныс адамдар оған шабуыл жасап, ұрлап әкетіп, ұрып-соғып, зорлап, екі миллион теңге көлемінде несие алуға мәжбүрлеген.
2024 жылғы желтоқсанда зорлықшылар сот алдында жауап берді. Прокурор негізгі айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды, ал қалғандарын 15 жылдан 16 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады. Алайда соңында бас фигурант 20 жылға, ал оның төрт сыбайласы 7 жылдан 8,5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Жәбірленушінің туыстары мен прокурорлар қылмыскерлер тым жеңіл жаза алды деп есептейді. Маңғыстау облысының прокуратурасы сот үкіміне апелляциялық шағым түсірді. Ведомство оқиғаға кінәлілерге жазаны қатайтуды талап етіп отыр.
Кейінірек желіде Алинаның ұрланған сәтінің видеосы тарады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә