Қостанайдың бұрынғы әкімі Ахметбек Ахметжановтың аукционға қойылған мейрамханасын әкімдік сата алмай отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов сотты болған қаланың экс-әкімінен тәркіленген қараусыз қалған мекеменің тағдыры туралы айтты. Ол журналистердің сұрақтарына жауап беріп, мейрамхананың аукционға қойылғанын, бірақ оны ешкім сатып алмағанын түсіндірді.
Ғимаратты биыл көктемдегі тасқын кезінде су басып қалған, содан кейін аукциондағы мүліктің құны төмендеген.
"Былтырдан бері сата алмай жатырмыз. Ешкім алмаса, ол жерде бірдеңе жасаймыз. Ол бос қалмайды, біз онда не істеуге болатыны туралы әртүрлі нұсқаны қарастырамыз. Бәлкім, мәдени орынға немесе жастардың шығармашылық орталығына айналар. Біз барлық бөліммен талқылап жатырмыз, мен осы ғимаратты пайдалану бойынша қызық ұсыныстар күтемін. Егер 50 миллионға ешкім сатып алмаса, біз сатпаймыз, бұл - ең төмен баға, мемлекеттің игілігіне пайдаланамыз", - деді Құмар Ақсақалов.
Еске салайық, бұған дейін Қостанайдың бұрынғы әкімінің мейрамхана кешені бірнеше рет сатылымға қойылған еді. Аукцион туралы хабарландыру электрон сауда алаңында пайда болды. Ғимарат аукционға 307 397 500 теңге бағамен шығарылды.
2016 жылғы сәуірде Қостанайдың бұрынғы әкімі Ахмедбек Ахметжанов 13 жылға сотталған. Оған мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы сыбайлас жемқорлық қылмыс: аса ірі мөлшерде пара алды, лауазымдық өкілетін асыра пайдаланды, заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасады, алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адамнан ірі көлемде және пара алуға әрекеттенді деген айып тағылды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз