Қазақстанда жұмыс істемейтін әрі оқымайтын жастардың үлесі - 5,8 пайыз. Бұл туралы Құрылтай отырысында депутат Дидарбек Ділдәбек мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ұлттық статистика бюросының ресми дерегіне сәйкес елімізде ешбір жерде оқымайтын, жұмыс істемейтін (NEET санатындағы) 15-34 жас аралығындағы азаматтардың үлесі - 5,8 пайыз.
"100 мыңнан аса тіркелген және 300 мыңнан аса уақытша немесе жасырын жұмыссыз жүрген жас азамат. Бұл топ - деструктив қатерге бейім, ең осал орта. Елімізде бүгінде жастарды әлеуметтендіру мәселесімен 235 жастар ресурс орталығы жұмыс істейді", - деді ол.
Дидарбек Ділдәбектің пікірінше, орталықтар жүйелі жұмыс атқарып жатыр, алайда олардың жұмысында кемшіліктер бар екені де рас.
"Жастар ресурс орталықтарының мүмкіндігі көбіне тек қалалық белсенді жастар арасында қалып отыр. Ауылдық жерлер мен қала маңындағы осал топтар ақпараттық вакуумда өмір сүреді. Жастардың басым бөлігі тығырықтан шығар жолды мемлекеттік бағдарламаларсыз, өз бетінше іздеуге мәжбүр", - деді депутат.
Ол осы мәселеге байланысты Үкіметтен бірқатар шара қабылдауды сұрады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова