Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған "Nomad Run" жобасында 8 мыңға жуық шақырымды еңсеріп Гиннестің рекордтар кітабына енген семейлік желаяқ аязды күндері де жүгіруді тоқтатпайтынын айтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Екі жылдай уақытта 20-дан аса марафонға қатысқан ол әр марафонның өз ерекшелігі барын айтады. Ең ұзақ жүгіргені 1 айлық шамасында екен.
Астанадан Ақтауға дейінгі 8 мың шақырымды жүгіріп өтіп, КИНЭС рекордтар кітабына кірді. Қазіргі таңда Семейде Абай аренада күзетші болып қызмет атқаратын Медғат әрқашан қозғалыста болу керек дейді.
"Әке-шешем 30 жыл мал баққан адамдар. Малшының баласынан да спортшы шығатынын дәлелдеп жүгіріп отырмын. Бір жағынын марқұм атамның аруағы қолдап ол белесті де бағындырдым деп ойлаймын. Жүгірген кезде адамның басынан бақайына дейін қозғалады. Ешқандай витамин не допинг ішпеймін. Таза табиғи күш. Күніне 100 шақырымнан жүгіре аламын. Әр 5 күн сайын демалып, қайта жалғастыртуға болады, аязды күндері де жүгіруді тоқтатпадым", - дейді, Медғат Демежанов.
2022 жылдан бастап Семейдегі semeyrun клубында мүшелік етеді.
Жүгірумен қатар күзетшілік жұмысында қатар алып жүрген ол барлығы ниетке байланысты екенін айтады.
"Күзетшілік жұмысымның уақыт кестесі ыңғайлылығына қарай жарыстарға қатысып отырамын. Жалақым 90 мың теңге. Бірақ жарыстарға тек өз қалтамыздан ақша шығарып баратынымыз кішкене қынжылтады. Спорт басқармаларынан, кәсіпкерлер тарапынан болашақта спорттың осы түріне көңіл бөлініп, қолдау көрсетілсе деп ойлаймын. Ең бастысы ниетім бар, ары қарайда жалғастырып биік белестерді бағындырғым келеді", - деді Медғат Демежанов.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!