Ресей Қазақстанның стратегиялық серіктесі әрі одақтасы болып қала береді. Оның мүддесіне нұқсан келтіретін қандай да бір іс-әрекеттерге жол берілмейді. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Ол Мемлекет басшысы еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөнінде кеңес өткізуіне байланысты журналистер тарапынан сұрақтар түсіп жатқанын айтты.
"Бұл жерде, ең алдымен, геосаяси тұрақсыздық жағдайында Қазақстан көмірсутегін халықаралық нарықтарға жеткізу бағыттарын әртараптандыру туралы сөз болып отыр. Жиында жаңа көлік дәліздерін ашу мәселесі талқыланды. Бұл бір күндік жұмыс емес, ұзақ мерзімді жоспар. Шын мәнінде, қабылданған шешімдердің ешқандай саяси астары жоқ. Ресей біздің стратегиялық серіктесіміз әрі одақтасымыз болып қала береді. Оның мүддесіне нұқсан келтіретін қандай да бір іс-әрекеттерге жол берілмейді. Қазақстан тарапына қатысты да осындай әрекеттер жасалмайды деп үміттенеміз", - деп жазды ол Facebook-те.