Талғарда бір топ кісі қолынан қаза тапқан жасөспірім Шерзат Болаттың әкесі және Айтбек Амангелді мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Құқық қорғаушы Айтбек Амангелді Шерзат Болаттың отбасына заңгерлер жалдап берген болатын. Айтбек Амангелді Шерзаттың әкесімен бірге мәлімдеме жасап, видео жариялады.
"Біз Шерзаттың әкесі Қаржаубай екеуміз 14 қазан күні ешқандай митинг болмайтынын айтқымыз келеді. Ешқандай митингке шығудың қажеті жоқ. Қазір белсенді түрде тергеу жүріп жатыр. Экспертизалар жасалады. Бұл митинг, керісінше, тергеу амалдарына кедергі келтіреді. Оған қоса, бұл пайдасыз әрекет", – деді Айтбек Амангелді.
Сондай-ақ Айтбек Амангелді Шерзаттың отбасы ақшаға мұқтаж емес екенін және ешқандай ақша жиналып жатпағанын айтты.
Айта кетейік, 4 қазанға қараған түні Алматы облысы Талғар ауданында 16 жастағы Шерзат Болат кісі қолынан қаза тапты. Бүгінгі таңда жасөспірімді өлтірді деген күдікпен 7 адам тергеу изоляторында.
Кеше Шерзат Болаттың үйі өртеніп кеткенін хабарлаған едік.
Бұл туралы әуелі әлеуметтік желіде хабар тарады. Куәгерлердің сөзінше, үй тегіс өртеніп кеткен.
Бөтеннің мүлкін қасақана жою дерегі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Тергеу аясында куәгерлерден жауап алынып, сондай-ақ бейнебақылау камераларының жазбалары зерттеліп жатыр.
Марқұмның отбасын полиция күзететін болды.
Осы оқиғадан кейін Бас прокуратура мәлімдеме жасады.
"Талғарда жасөспірімді өлтіру ісі бойынша жәбірленушілердің үйін өртеу фактісіне қатысты 2024 жылғы 12 қазанда Бас прокуратураның басшылығымен қылмысты ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Кінәлілерді әшкерелеу үшін барлық шаралар қабылданатын болады. Қылмыстық iс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бақылауына алынды", – делінген хабарламада.
Марқұмның әпкесі Перизат Нұрымова оқиға орнына барған Massaget.kz тілшісіне сұхбат берді.
Оның айтуынша, олар бұл үйге бір аптаға жуық уақыт келмеген, бірақ дәл кеше осында Құран оқытпақшы болып, тазалап кеткен.
"Күйеуім мен балаларым тек малға келіп кететін. Ит, мысықтарымыз бар осы жақта. Тамақтарын беріп, жарты сағат, бір сағатқа келіп кететін. Кеше балалар қалмақшы болған, бірақ қалдырмадым. Балаларды апарып тастап, әрі қарай жұмысқа кеткенмін. 22:30-да жұмыста болдым, 00:30-дарда жеңгем "Ағаңды біреу шақырып кетті, кім екенін білесің бе? Саған айтады ғой" деп хабарласты. Сосын: "Жоқ, қазір хабарласамын" дедім, ағам алмады. Артынан жеңгем "Перизат, біреулер кіші үйді өртеп кетіпті" деді. Басында сенген жоқпын. Жай ғана кішігірім бірдеңені жаққан шығар деп ойладым" , – деді ол.
Ол сонымен бірге үйдің дәл Шерзаттың жеті күндік асы күні өртенгенін айтты.
"Бүгін негізі – Шерзаттың "жетісі" ғой. Жетісін Талғарда қайтқан күні таратып жіберген болатынбыз, бірақ мына үйден "Иіс шығарайық" деп дайындалған едік. Іштің бәрін сыпырып, жуып, тазалап кеттік. Кешке дейін осында болдық", – деді ол.
Кейін Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов пен Алматы облысының прокуроры Берік Адамов Талғар ауданындағы үйді өртеу фактісі бойынша тергеу барысы туралы хабарлады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!