“Ешқандай құпия жоқ“. Бозымбаев Ақтаудағы ұшақ апатын тергеу барысы туралы айтты

Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airline (AZAL) ұшағына қатысты тергеуде ешқандай құпия жоқ. Бұл туралы вице-премьер Қанат Бозымбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкіметтегі брифингте Қанат Бозымбаев былтыр желтоқсанда болған ұшақ апатына қатысты тергеу барысы туралы айтты.

"Әзербайжанның, Ресейдің немесе Embraer өндірушісінің тергеуінде ешқандай құпия жоқ. Нүкте. Бәрін Көлік министрлігі қарамағындағы комиссия аясында жасап жатырмыз. Сарапшылар, олардың мамандары комиссия құрамына кіреді. Әрине, олар үнемі Астанаға, Ақтауға келеді. Мұнда ешқандай мәселе жоқ. Ақпанда алдын-ала есеп жарияладық", - деді Қанат Бозымбаев.

Үкіметтегі брифингте Қанат Бозымбаевтан ұшақ апатын тергеу нәтижелері қашан жариялануы мүмкін екені сұралды. 

Вице-премьер жабдықтың бір бөлігі әлі де шетелде сараптамада екенін айтты. Жақын арада бұл жабдық Қазақстанға қайтарылады. Талдау кезеңі аяқталуға жақын. Қанат Бозымбаевтың айтуынша, комиссия қорытынды есепті дайындауға көшкелі жатыр.

"Сабырмен күту керек, бірнеше айдан кейін түпкілікті есеп дайын болады", - деді вице-премьер.

Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?

Еске салайық, 2024 жылы 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы. Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!