- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ешқандай көмек болмайды"....
"Ешқандай көмек болмайды". Қарағандыда өртенген көппәтерлі үйдің тұрғындары баспанасыз қалған
Қарағандыда көппәтерлі үйдің шатырынан өрт шығып, тоғыз отбасы баспанасыз қалды. Мұның себебі - баспаналардың бір-біріне жапсарлас салынғаны. Төбе жабындысы түгел өртеніп, қабырғалары да опырылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Виктор Нефедов тілсіз жаудан әйелін құтқарамын деп жүріп, бетін күйдіріп алған. Екі күннен бері оның тұрағы - үйге тиіп тұрған гараж. Әйелін туыстарына жіберіп, өзі үйіндіні күзетіп қалған.
"Туыстарымның үйіне бара алмаймын. Гаражда жата береміз. Күн жылы ғой. Қыс емес. Оның үстіне, ашық-шашық жатқан дүние-мүлкімізді тастап қайда барамыз? Көмекке зәруміз", - дейді Қарағанды тұрғыны Виктор Нефедов.
Баспанадағы өрт екі күн бұрын болған. 60 жыл бұрын ағаштан салынған баспана демде отқа оранған. Өртті сөндіруге 8 сағат кеткен. 700 шаршы метр аумақ күлге айналды. Көппәтерлі үйдің бір басынан басталған өрт алдымен шатырға жайылған. Одан кейін ағаш қабырғаларымен пәтерлерге жеткен. Енді үйдегі баспананың төбесі опырылып тұр.
Бірінші пәтердің тұрғыны Саян екі күннен бері қираған баспанасын қалыпқа келтіріп әлек. Шамасы жеткенше құрылыс материалын алып, жолдас-жорасымен қираған баспанасын жөндеп жүр. Қалғандарының бұған да қауқары жоқ.
"Өрт болып жатқанда бір жігіттің нөмірін жазып алдық, соған хабарластық. Ол "ешқандай көмек болмайды, күтпеңдер" деді. Басқа ешкім келген жоқ. Жай келеді, қарап-қарап кетеді. Далада қалдық. Көршілер, шал мен кемпірлер қорада қонып жатыр. Көбі шал мен кемпір, олар өздері қалпына келтіре алмайды", - дейді Қарағанды тұрғыны Саян Берік.
Қала билігі үйіндіде қалғандарға көмек те, түсінік те бермеді. Баспана жекеменшік дегенді ғана айтады. Сондықтан баспанасыз қалғандар әлеуметтік желі арқылы жұртқа алақан жайып отыр. Бір қызығы, өрт болған күні үйге өртсөндірушілер екі рет келген. Алғашында түнгі 11-де бір өртті сөндіреді. Баспананы күлге айналдырған екінші жалын түнгі бір жарымда тұтанған. Енді үйдің екі рет өртке орануын тергеу анықтауға тиіс.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек