"Ешқандай көкесіз". Елімізде ештеңе істегісі келмейтін азаматқа қандай көмек бар?

"Ешқандай көкесіз". Елімізде ештеңе істегісі келмейтін азаматқа қандай көмек бар?
Фото: спикердің жеке мұрағатынан

Еліміздегі жұмыссыз әрі баспанасыз жүрген жастарға арналған қандай бағдарламалар бар? Жастар және отбасы істері комитеті Ведомствоаралық үйлестіру және өңірлік өзара іс-қимыл басқармасының басшысы Мансия Есекеева айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

 - Елімізде үй ала алмай жүрген жастар көп. Биыл оларға мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетіледі?

- Жастар арасындағы баспана мәселесі өзекті болып отыр. Былтырдан бастап жастардың жасы 35 жасқа дейін ұлғайды. Бұл өзгерістен кейін жастардың баспанаға деген сұранысы одан әрі арта түсті. Елімізде жеңілдетілген несие арқылы жастарға арналған ипотекалық бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Атап айтсақ, "Елорда жастары", "Қарағанды жастары", "Алматы жастары" тағы да сол сияқты бастапқы жарнасы 10-20 пайыз және жылдық мөлшерлемесі 5 пайыз, ал мерзімі 25 жылға арналған бағдарламалар бар. Биылдан бастап жастарға және басқа санаттағы азаматтарға арналған "Отау" бағдарламасы 1 наурыздан бастап іске асырылады. Бағдарлама негізінде 18-63 жастағы азаматтар ипотеканы рәсімдей алады, алайда дәл осы бағдарлама негізінде жастардың саны 60 пайыз, ересектердің саны 40 пайыз, сол себепті жастарға басымдық берілмек. 

 - Бізде кейбір азаматтар оқуын бітірген соң жұмыс таба алмай жүреді. Бұл үрдіс бұрыннан қалыптасқан. Оларға арналған қандай мүмкіндіктер бар?

- Кеше ғана оқуды бітірген қолында дипломы бар, яғни тәжірибесі жоқ не болмаса жұмысқа тұратын мүмкіндігі жоқ азаматтарға үш бағдарлама бар. Біріншісі, - "Жастар практикасы", екіншісі – "Қоғамдық қызмет" және "Ұрпақтар сабақтастығы". "Жастар практикасы" мен "Қоғамдық қызмет" бағдарламасының талаптары бірдей, тек бір айырмашылығы жастар практикасында оқу бітіргеніне соңғы үш жыл болған азаматтар жұмысқа тұра алады. Ал "Қоғамдық қызмет" бағдарламасы бойынша азаматтың қолында дипломы болса жеткілікті. Азамат бір жылдың көлемінде тұрақты жұмысқа ие бола алады, 100 мың теңге жалақысы төленеді. Сондай-ақ бағдарлама бойынша кейін азамат жұмысқа тұрған жеріндегі ұйымға штаттық құрамға кіруге мүмкіндік беріледі. "Ұрпақтар сабақтастығы" - зейнет жасына жақындаған егде азаматтарға арналған. Бұл бағдарламада зейнет жасындағы азаматтар өз тәжірибесімен жастарға білгенін үйретіп, әрі қарай өз орнына жас мамандарға қалдыруға мүмкіндік береді. Бұл дегеніміз – ешқандай көкесіз, ешқандай таныссыз жұмыспен қамту орталықтарына барып, өтінімді беріп, жұмысқа орналасуға мүмкіндік. Аталған үш бағдарлама азаматтарға кемінде бір жыл бойы тәжірибе жинауға көмектеседі. 

- Елімізде NEET санатындағы жастардың саны көбейіп келе жатыр деген дерек бар... 

- NEET санатындағы жастарды жалпы жүйеге келуін шешу үшін елімізде Еуропадан енген NEET санатындағы жастарға арналған арнайы бағыт бар. NEET жастар ерекшелігі олар – білім алмаған, жұмыс істегісі келмейтін азаматтар. Бұл санаттағы азаматтармен елдің әр өңірінде жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Республикада 232 жастар ресурстық орталығы бар. 2023 жылдың аяғындағы еліміздегі NEET санатындағы жастардың үлесі 7,1 пайыз болды. Жалпы, былтыр бұл санаттағы жастардың саны арта түсті. Былтыр өңірлердегі жастар ресурстық орталықтары 780 мыңнан астам консультация өткізілді және аудан мен ауылдағы жастарды жұмыспен қамтамасыз ету бойынша әртүрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Атап айтсақ, "Тұлға бол" жәрмеңкесі өткізіліп, 7 мыңнан астам жастар әртүрлі сала бойынша жұмысқа орналасты. Сондай-ақ Астана қаласында "Жол" тап жобасы іске асырылған болатын. Бұл жоба бойынша халықтың тығыз орналасқан аумағында арнайы пунктер қойылды. Ол жерде жастар мен әртүрлі санаттағы азаматтар өздері қажетті кеңестер алып, тіркеуге тұра алатын мүмкіндік жасалды.

 - Жастардың мемлекеттік жұмысқа деген көзқарасы қалай? 

- Қазіргі таңда жастар мемлекеттік қызметке және мемлекеттік саясатты құру бағытында өте көмектесіп жатыр. Оған дәлел Жастардың кадрлық резервін айта аламыз. Алдағы уақытта 1 наурыздан бастап өңірлік кадрлық резерв өз жұмысын бастайды. Бұл дегеніміз - жастардың арасында мемлекеттік басқару саясатына және еліміздің басқа да салаларына септігін көп тигізіп жатыр деген сөз. Өз басым көп қызметте жастарды байқаймын... 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz