- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Еш өкінбеймін". Ақ...
"Еш өкінбеймін". Ақ көйлек киіп, дүркіретіп той жасамаған жұппен сұхбат
Қазақта той ерекше мәнге ие. Алайда оны дүркіретіп жасау үшін біраз қаржы кететіні сөзсіз. Бүгінде жастар үлкен той жасаудың орнына сол қаражатқа пәтер не көлік алғанды жөн көреді. Олар бұл қуанышты зәулім мейрамханада емес, жақындарымен шағын ғана атап өткенді қалайды. Massaget.kz тілшісі той орнына пәтер мен көлік алған Павлодар тұрғыны Камиламен сұхбаттасты.
Қазір той жасамау трендке айналды. Бұл коронавирус пандемиясы кезінде басталды. Пандемия кезінде тұрмысқа шыққандардың арасында Камила да бар. Ол 26 жаста. Биыл тұрмыс құрғанына 3 жыл болған. Қазір 2-ге таяп қалған баласы бар.
"Жолдасыммен 9 жыл бұрын таныстық. Ол менің құрбыммен мектепте бірге оқыған еді. Алғашында онша араласпадық. 2020 жылы қаңтарда жақсы сөйлесе бастадық. 4 айдан соң мамырда үйленеміз деп шешім қабылдадық. Кейін бір айдан соң, 23 маусымда, үйге ата-енем келді, танысты. 8 тамызда сырға салып, құдалық жасаймыз деп келістік", - дейді Камила Талғатқызы.
Камила Талғатқызы той жасамау туралы шешімді о баста шешіп алғанын айтады.
"Той жасамадық. Оның шығыны мен машақаты көп қой, оның үстіне коронавирустың өршіп тұрған кезі. Сол кезде шектеулер енгізілген. Әрине, кейін жағдай жақсарған соң істеуге болатын еді. Бірақ біз қаламадық. Ата-анамыз жасағанымызды қалады. Бірақ біз кездесіп жүргенде жолдасыммен бұл мәселенің басын ашып алған едік", - дейді кейіпкер.
Камиланың айтуынша, ата-аналары бұл шешімге қарсы болмаған.
"Ата-анамыз құптаған соң, туысқандарымыз онша қарсы болмады. Әрине, "былай болмайды", "той жасалуы керек", "парыз" деген туыстар болды. Көбі құптап тұрған соң жасамадық. Тойға жиналған қаражатқа тағы қосып, кейін Павлодардан пәтер мен көлік алдық. Қалған қаражатты балаға жараттық", - дейді ол.
Камила ақ көйлек киіп, дүркіретіп той жасамағынана мүлдем өкінбейді. Ол мұндай шығынның орнына пәтер мен көлік алғанын, қалған қаражатты балаға жұмсағанын айтты.
"Университетте оқып жүргенде ақ көйлек киюді армандайтынмын. Жолдасымды кездестіргелі бұл ойым өзгерді. Оның орнына шетелге шығуды, балаға жақсы зат алуды ойлайтын болдым", - дейді павлодарлық Камила.
Бұдан басқа, шоу-бизнес жұлдыздарының арасында ұлан-асыр той жасамаған жұп көп.
Мәселен, бұл қатарда Ninetyone тобының солисі Alem лақапатымен танымал Батырхан Маликов пен Вероника Жанғалова бар. Өнер иесі мен танымал блогер-модель мұсылмандық неке ғана қиған.
Ал жақында тұрмыс құрған актриса Аружан Жазылбекова "Тойымыз болған жоқ. Бұлқан-талқан болып дайындалуды қаламадық. Жай ғана қол қойып, шампан іштік" деді. Оның таңдауы бизнесмен Ержан Алдабергенге түсті.
Айқын Төлепберген мен Жұлдыз Өмірғали бұдан бірнеше жыл бұрын көпшіліктен жасырып үйленген еді. Айқынның Жұлдызды ұзатып алған сәті Желіде тараған еді. Карантин кезінде үйленген жұп дүркіретіп той жасамады, алайда Айқын бір сұхбатында кейін той жасауы мүмкін екенін айтқан.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек