“Есеп-қисабына араласпаймын“ - депутат Дәулет Мұқаев “Дәулеттен“ қоры туралы

“Есеп-қисабына араласпаймын“ - депутат Дәулет Мұқаев “Дәулеттен“ қоры туралы
Фото: Коллаж: dauletten.kz, depositphoto

Дәулет Мұқаев "Дәулеттен" қайырымдылық қорына қатысты сұрақтарға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутат - "Дәулеттен" қайырымдылық қорының қамқоршылық кеңес мүшесі. Кулуарда журналистер депутатқа қайырымдылық қорлары қаншалық тексерілу керегіне қатысты сұрақ қойды. 

"Мен бұл мәселені бұрыннан бері айтып жүрмін. Ол - өте дұрыс шешім. Кейінгі жағдайларға байланысты бақылау болу керек. "Адамның аласы ішінде, малдың аласы сыртында" немесе "жылтырағанның барлығы алтын емес" дейді ғой. Міндетті түрде тексерілуі керек. Қор ашылған кезде оның жарғылары Әділет министрлігінен өтеді, бірақ әрі қарай қаражат айналымы тексеріле бермейді. Сондықтан Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірігіп, заң жобасын дайындаймыз. Халықтың ақшасы, барлығы ашық болу керек. Қайда, қанша кетіп жатқаны көрінуі керек. Әрине, мына қорларда қазіргі нормалар бойынша есеп беруі керек, бірақ бере бермейді", - деді ол. 

Депутат өз қоры туралы сөз қозғады. 

"Өзіміздің қорға келсек, атауы - "Дәулеттен". Мен бұл жерде қамқоршылық кеңес мүшесімін. Балаларға да "адал қызмет атқарыңдар, істеңдер" деп айтып отырамын. "Менен қорықпасаңдар да, Құдайдан қорқыңдар" деп те айтып отырамын. Олар барынша есебін істеп, біздің сайтқа жүктеп отырады", - деді депутат.

Дәулет Мұқаев "Қор мүшесі ретінде есеп-қисаптарын бақылап отырасыз ба?" деген сұраққа жауап берді. 

"Мен есеп-қисаптарына араласпаймын, ол бухгалтердің жұмысы деп санаймын. Кейде қай отбасыға үй алып береміз деген кезде шешім қабылдауға үлесімді қосамын", - деп жауап берді Мұқаев. 

Депутат Дәулет Мұқаев биыл жыл аяғына дейін "Дәулеттен" қорына қанша қаражат түскенін айтты. 

"Осы уақытқа дейін қорға қанша қаражат түскені сайтта тұр. 4 жылда 1 миллиардтан аса қаржы түсті. Оның есебі бар. Қордың қазіргі президентінен нақты ақпарат алсаңыздар болады", - деді ол. 

Оның айтуынша, қор білім және баспана бағытында көмек көрсетеді.

"Ауырып жатқан адамдарға 1 реттік 500 мың теңгеге көмек қарастырылған. Бірақ негізінен білімге бағытталдық. Мәселен, 3 отбасының балаларына ағылшын сынды курстарына көмек көрсеттік. Бұл пилоттық жоба болды. Үш баланың екеуі БИЛ-ға, біреуі НЗМ-ға түсті. Білімін жинаған бала ата-анасын асырайды", - деп қорытындылады ол. 

Қазақстанда жеке тұлғаларға қайырымдылық үшін ақша жинауға тыйым салуы мүмкін бе?

Айта кетейік, бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "Қазақстанда жеке тұлғалардың қайырымдылық үшін қаражат жинауына тыйым салуы мүмкін бе?" деген сұраққа жауап берген еді. 

Қорларға қатысты қандай дау болды?

Еске салайық, БАҚ беттерінде Елжас Шора есімді желі қолданушының марқұм Салтанат Нүкенова туралы жазған пікірі тарап, көптің ашуын тудырды. Жұрт оның Asar Ume қайырымдылық қорының мүшесі екенін айтып, қор да даудың астында қалды. Asar Ume басшысы Асхат Нұрмашев осы жайтқа қатысты пікір білдіргенін жазған болатынбыз.

Перизат Қайраттың ісіне қатысты не белгілі? 

Кейін "Biz Birgemiz Qazaqstan" қайырымдылық қорының төрайымы Перизат Қайрат қамауға алынғаны айтылды. Ол ірі көлемде ақша жымқырды деп айыпталды.

Перизат Қайрат - "Biz Birgemiz Qazaqstan" қайырымдылық қорының төрайымы, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторындағы гуманитарлық миссиялар және басқа да қайырымдылық шараларымен айналысып, қоғамда беделге ие болды.

Астаналық әйел Перизат Қайрат уәде берген пәтерді әлі алмаған

14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиардты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. 

Сонымен қатар ол 2023 жылдың қараша айында Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинап, оның 200 миллионын қалтасына басқан деген күдікке ілінді. 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қ. Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 млн теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 млн теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа автокөлігін сатып алған. 

16 қарашада Астана қаласының тергеу соты Перизат Қайрат 2 айға қамауға алынғанын хабарлады. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек