"Жайдарманның" негізін қалаушы Есен Елеукен Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткерлігін ұсынуына қатысты пікір білдіріп, сұхбат берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
- Есаға, Парламент Мәжілісіне үміткерлер тізімінен көріп қалдық. Бұл шешімге келуіңізге не түрткі болды? Әлде бұрыннан жоспарыңызда бар ма еді?
- Әрине, бұндай маңызды шешім аяқасты қабылдана салатын дүние емес қой. Бұрын да талай ұсыныстар болған, бірақ өзімді дайын емеспін деп бас тартып келгенмін.
Алайда қазір ойланып отырсам, жастардың арасында жүрмін дегенмен, жасым міне, биыл елуге келеді. Жер ортасына келдім. Енді "Жайдарманда" жинаған тәжірибемді, білігімді және бар ынта-жігерімді көрсететін кез келді деп ойлаймын. Сондықтан бұрын қоғамдық қызмет ретінде атқарған жұмысымды жоғары мемлекеттік деңгейге көтеріліп, заң жүзінде, жүйелі түрде көтеріп, шешетін уақыт келген сияқты.
- Сіз саясатқа кеткен соң "Жайдарманның" жағдайы не болады?
- Уайымдайтын ештеңесі жоқ, бұрынғы қалпында, дарынды жастардың өнерін шыңдайтын, әлеуметтік саты болып қала береді.
Әрине, мен кетсем де, "Жайдарманмен" байланысымды үзбейтінім анық. Жүргізуші болмасам да, тұрақты түрде келемін. Аға ретінде ақыл-кеңесімді айтып, қадағалап отырамын. Өйткені өзім де осы қауымның бір мүшесімін деп есептеймін.
Жалпы, "Жайдарман" - тамырын жайып, өзінің жолы мен бағытын айқындаған, еліміздің түпкір-түпкірінде филиалдары бар, өздігінен сартылдап жұмыс істеп тұрған жүйе.
"Жайдарманның" бір ерекшелігі - креативті индустрияны қалыптастырды. Мәдениет саласының кез келген бағытынан біздің жайдарманшыларды табасыз. Бұдан бөлек, өңірлерде депутат болған да, ұлттық компанияларда басшылық қызметте отырған да жайдарманшылар аз емес.
Бір сөзбен айтқанда, "Жаңа Қазақстанда жастар мұнай болса, "Жайдарман" сол байлықты игеріп, өңдейтін ұлттық компания" деп сипаттар едім.
- Сіздің сайлауға түсетініңізді жақындарыңыз, жайдарманшылар қалай қабылдады?
- Негізі, осы депутаттыққа үміткер болуыма дәл солардың пікірлері де әсер етті. Өйткені олар бұрыннан "депутат болсаңызшы" дейтін. Жайдарманшылар дегеніміз - жастар ғой, ал олар өздеріне қолжетімді, кез келген уақытта билікке өз үнін, датын жеткізе алатын адамның Парламент Мәжілісінің депутаты болғанына қуанатыны анық.
Сондықтан бұл шешімімді өзіме сеніп отырған қоғамның аманатын арқалау деп түсінемін.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!