"Есектің сүті, гив ойнату, йога". Кейінгі жылдары харам деп танылған ТОП-10 әрекет

Кез келген дінде жасауға жат, харам тыйымдар болады. Ислам дінінде де ондай тыйымдар жоқ емес. Massaget.kz тілшісі Қазақстан мұсылмандар діни басқармасындағы мәліметтерге сүйене отырып мұсылмандарға тыйым салынған 10 әрекет туралы баяндайды. 

Электрон темекі - харам

ҚМДБ былтыр желтоқсанда электрон темекі адам денсаулығына зиян болғандықтан және ысырапқа жататындықтан ол харам деген үкім шығарды.

Яғни электрон темекіні қолдануға болмайды. 

Фото: elements.envato.com

Пара алуға, беруге бола ма? 

Кейінгі мәліметтер бойынша, Қазақстанда сыбайлас жемқорлық қылмыстар саны 30,5 пайызға артқан. Яғни 1300-ге жуық іс тіркелген. Ал шариғат бойынша пара алуға және пара беруге қатаң тыйым салынған. Ислам ғұламалары пара алудың харам екенін мақұлдаған. Тіпті алдын ала шарт етіп берген сыйлық та пара болып есептеледі.

ҚМДБ үкімі бойынша, пара алу мен пара беру және параға дәнекерлік жасау - харам. Парақорлық жолмен табылған табыс та харам болып саналады. Пара алумен жиған дүние иесіне қайтарылады. Мүліктің (параның) иесі табылмаған жағдайда, мұқтаж жандарға таратылады.

Әкесінің атын өзгерту - харам

Екі жас үйленіп, бас қосқаннан кейін кей жағдайда әйел адам өзінің тегін ауыстырып, күйеуінің тегіне ауысып жатады. ҚМДБ үкімі бойынша, негізінде әр адам өз тегімен аталу керек. Тіпті шариғатымыз асырап алған баланың тегін өзгертуге рұқсат бермейді. 

Ал әкесінің атын өзгерту тіпті харам болып есептеледі. "Әркім өз әкесінің атымен аталуы керек", - делінген ҚМДБ үкімінде. 

Тұрмысқа шыққан әйел өз тегінде қалғаны дұрыс. Ал күйеуінің тегіне өту-өтпеуі өз еркінде. Алайда күйеуі әйеліне өз тегіне өтуін міндеттеуі дұрыс емес.

Ботокс жасатуға рұқсат бар ма? 

Ботокс жасатудың екі тәсілі бар: емдік және косметологиялық. Косметологияда ол бет әжімдерін тегістеу мақсатында қолданылса, емдік мақсатта оны церебралды паралич, қисық мойын, инсульттан кейін, оның бұлшық етке және шап аймағына кез келген аурулардың салдарынан пайда болған бет ассиметриясын жою үшін, артық тер бөлінуін болдырмау үшін қолданылады.

Ботокс жасатуға тек бір жағдайда рұқсат беріледі: адам өзіндегі қандай да бір ақауды кетіруіне, өмірге келгенде не жүре келе пайда болған кемістікті кетіруі үшін ғана рұқсат бар. Ал әсемдік үшін, табиғи жасын жасыру мақсатында ботоксты қолдануға қатаң тыйым бар. 


Фото: elements.envato.com

Йогамен айналысуға бола ма? 

Йога - ежелгі Үндістанда пайда болған ұғым. Ол психологиялық, рухани және физикалық жаттығулардан тұратын спорттың бір түрі. Дегенмен ҚМДБ өкілдері йога мен медитация - индуизм мен буддизмнің ажырамас бөліктері екенін, бұл көзқарас исламдық танымға қайшы екенін ескертеді.

Йогамен айналысудың дұрыс еместігі туралы діни кітаптарда бірнеше себеп келтіреді. Оның біріншісі - діни сенімге қайшы. Екіншіден, йога - пұтқа табынушыларға еліктеу болып саналады екен. Сонымен қатар, кейбір жаттығулар, мысалы әдеттен тыс әрі жарамсыз отыруы, ұзақ уақыт күнде тұру, көз айырмай күнге қарау және тағы басқасы адамның денсаулығына және психологиялық тұрғыдан оған зиян болуы мүмкін. Бірақ тыйым салынған іс-әрекеттерді жасамау шартымен спорт ретінде йогамен айналысуға шариғат рұқсат етеді. 

Фото: Тұрар Қазанғапов

Есектің сүтін емдік мақсатта ішуге бола ма?

Шариғат бойынша, есектің етін жеуге тыйым салынған. Есектің сүтін ішу не ішпеу ғұламалардың арасында тартысты мәселе. Дегенмен есектің еті де, сүті де - харам әрі нәжіс. Бұларды жеуге де, ішуге де болмайды.

Ал есектің сүтін емделу мақсатында ішу туралы айтар болсақ, егер оның сүті расымен ем екені расталса, ауруды емдеудің одан басқа жолы да, дәрі-дәрмегі де болмаса ғана ішуге рұқсат етілген. 

Нумерологияға тыйым салынған

Нумерология толық сиқырға жатпаса да, оның сандарға негізделгені сиқырмен байланысы бар екенін айқындалған. Ал атақты мұсылман ойшылдары сиқыршылар жын-шайтанның күшіне жүгінетінін айтып кеткен. ҚМДБ мәліметіше, нумерология және соған ұқсас басқа да тылсым күштермен айналысуға, соларға жүгінуге шариғатымыз қатаң түрде тыйым салған. Себебі, оның дүние тіршілігіміз үшін де, ақыреттегі жағдайымыз үшін де ешбір пайдасы жоқ. 

"Өзім тойсам да көзім тоймай тұр"

Тойып тұрса да тамақ жеу - харам. Себебі ол дүние-мүлікті шашу, ысырап ету, сондай-ақ денсаулыққа зиян болып саналады. Сондықтан тамақты тойғанның үстіне тойып жеуге болмайды. Бірақ қонағы ұялмай астан алуы үшін әрі ертеңгі күні оразаға қуаттану мақсатында артығымен жеудің жөні басқа.

Біржынысты қатынас 

Шариғат біржынысты қатынасты ауыр күнә қатарына жатқызады. Исламда зинақорлық қандай харам болса, бір жыныстағы екі тұлғаның өзара жыныстық қатынасқа түсуі де - харам. Құранда "әл-фахиша", яғни "арсыздық, бұзақылық" деп айтылған. Арсыздық (фахиша) - бір жыныстағы екі адамның өзара жыныстық қатынаста болуы. 

Пранк жасауға бола ма?

Әлеуметтік желіде әзіл видео түсіріп, адамды түрлі ыңғайсыз жағдайға қойып, пранк жасау көп кездесіп жатады. Пранк жасау кезінде адамның денсаулығыны, көңіл-күйіне зиянын тигізуі мүмкін. Ал Ислам дінінде басқа адамды қорқытуға рұқсат берілмейді. Алла елшісі "Мұсылман адамның басқа мұсылманды қорқытуына болмайды" деген екен. 

Хасан Аманқұл осы тақырып төңірегінде дайындаған материалында өтірік әзіл болса да, өтірік болып қалатынын, қалжыңдаса да, өтірік айтпау керегін айтады. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!