Аты аңызға айналған америкалық боксшы Рой Джонс мексикалық Сауль Канело Альварес (57-2-2, 39 КО) пен Геннадий Головкин (42-1-1, 37 КО) айқасына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Vesti.kz.
Джонс Головкиннің 40 жасқа келгені өте маңызды фактор екенін бірден айтты. Оның пікірінше, Головкиннің жасы келгендіктен қарсыластар оның денесіне соққы көбірек жасайтын болған. Өйткені ол баяулап барады. Альвареспен айқаста қазақстандық боксшы осындай шабуылға төтеп беруі керек. Бивол мен Головкиннің стилі түрлі болғанымен, қазақстандық одан өзіне бірдеңе түйіп алғаны абзал, деп ойлайды Рой.
"Геннадий Канелодан сегіз жасқа үлкен екен, сондықтан бірнеше раундта тәжірибесінің арқасында басым түсіп, ал бірнешеуінде жасына байланысты есе жібереді. Геннадий аянбай, барын салуы керек, өйткені бұл оның соңғы мүмкіндігі", - деп келтірді Джонстың сөзін WBC сайты.
Еске салайық, Головкин мен Канело үшінші жекпе-жегін 17 қыркүйекте Лас-Вегастағы (Невада, АҚШ) T-Mobile Arena-да өткізеді. Олардың екі жекпе-жегі де сонда өткен. Біріншісі тең аяқталса, екіншісінде мексикалық боксшы төрешілер шешімімен жеңген еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!