Абай облысында Ертіс өзеніне жарыс кезінде құлап кеткен автокөлікке қатысты тың деректер шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін таңғы сағат 06:00-де Семей қаласында, Ертіс өзенінің жанындағы Бейбітшілік аралында жеңіл автокөлікпен жүргізуші бетон қоршаумен соқтығысып, өзенге құлап кетті. Апат кезінде салонда 4 адам болған. Жолаушылардың бірі көліктен өздігінен шығып, жағаға жүзіп шықты. Оған медициналық көмек қажет болған жоқ.
Оқиға туралы хабарлама келіп түскеннен кейін бірден оқиға орнына ТЖМ қызметкерлері барып, іздестіру-құтқару жұмыстарын бастап кетті. Сағат 09:00-де іздеу тобы бір қайтыс болған адамның денесін тауып, судан алып шықты. Ол одан әрі тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полиция органдарына берілді.
Қазіргі уақытта құтқару операциясына: 55 құтқарушы, 5 жүзу құралы, 2 ұшқышсыз ұшу аппараты, су асты іздеуге арналған эхолот, 10 техника жұмылдырылған.
Операцияны күшейту үшін қосымша Қасым Қайсенов атындағы 68303 әскери бөлімнен ҚР ТЖМ әскери қызметшілері тартылды, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысынан құтқару бөлімшелері келеді деп күтіліп отыр.
ТЖМ қызметтері іздестіру-құтқару жұмыстарын тиімді аяқтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараны қабылдап, оқиға орнында жұмысын жалғастырып жатыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз