- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ертіс арқылы өтетін...
Ертіс арқылы өтетін Орталық Азиядағы ең ірі көпір ашылды
Ертіс өзені арқылы өтетін Орталық Азиядағы ең ірі көпір өткелі ресми түрде ашылды.
Көпірдің ашылу салтанатына Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Мереке Пішенбаев және облыстың қоғам өкілдері қатысты.
- Бүгін біз күн еліміз үшін тарихи болып табылатын оқиғаның куәсі болып отырмыз, - деді аймақ басшысы. - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай аймағымызда бірегей көпір өткелі ашылып отыр. Көпірдің ашылуы – еліміздің тәуелсіздігі жылдары орын алған ең маңызды оқиғалардың бірі. Осының бәрі Елбасының сарабдал саясатының арқасында.
Облыс әкімі нысанды уақтылы тапсырған құрылысшыларға алғысын білдіріп, көпір өткелі бойынша қозғалысты ресми түрде іске қосты.
Жаңа көпірдің ашылуы Ақсу мен Павлодар арасындағы жолды 15 километрге қысқартады, еліміздің шығыс өңірлерінен орталық аймаққа қатынайтын транзиттік көліктер қала ішіне кірмейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша басталған көпір құрылысы «Нұрлы жол» бағдарламасының бір бөлігі болып табылады.
Көпір өткелі ресми ашылған соң облыс тұрғындары көптен күткен көпір арқылы еркін жүре алады. Нәтижесінде өңірімізде жаңа жол торабы пайда болады. Бұл көпір Қазақстанның орталық бөлігін Ресейдің көршілес өңірлерімен байланыстырады.
Аркалы көпір жаңа технологияларға сәйкес вант тәрізді иілгіш көлбеу аспаларды қолданумен жасалды. Орталық арка Қазақстанда тұңғыш рет арқандар мен көтергіштердің «Heavy Lifting» мамандандырылған гидравликалық жүйесін қолдану арқылы орнатылды.
Ұзындығы 12,3 шақырымдық көпір өткелінің құрылысына 13 500 тонна металл құрастырылым, 150 000 текше метр бетон жұмсалды. Жолдың жүретін бөлігі 4 жолақтан тұрады, тәулігіне көпір арқылы 10 мыңға жуық автокөлік өтеді деп жоспарланған. Жаңа жолдың арқасында транзиттік көліктің жолын 40 километрге қысқарту мүмкіндігі туды.
Көпір құрылысына 1800 адам, 700 бірлік техника, 6 бірлік су құралы, Павлодар облысы шағын және орта бизнесінің көлік қызметі, қоғамдық тамақтандыру және басқа да салаларда жұмыс істейтін 100-ге жуық кәсіпорны жұмылдырылды.
Құрылысқа пайдаланылған материалдардың басым бөлігі жергілікті және қазақстандық өндірістің тауарлары (қиыршықтас, цемент, темір-бетон). Жұмысқа жергілікті тұрғындар тартылды.
T. Кіршібаев