- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ертең көптен күткен...
Ертең көптен күткен The Spirit of Tengri фестивалі басталады
Көптен күткен The Spirit of Tengri фестивалі ертең, сенбі күні басталады. Бірнеше жыл бойы фестиваль құндылықтарын Алматы қаласының әкімдігі қолдап келеді. Оның бас серіктестері – Magnum Cash & Carry және – Kaspi.kz. Қонақтарды Novotel City Center Almaty қарсы алады.
The Spirit of Tengri – Орталық Азиядағы ең ірі заманауи этникалық музыка фестивалі, ұлттық ауқымдағы халықаралық мультимәдени жоба. The Spirit of Tengri фестивалі 10-11 маусымда Алматыдағы Респубика Сарайының алдында орналасқан Абай алаңында өтеді. Концерттердің басталуы - 17:00. Кіру тегін.
The Spirit of Tengri заманауи этникалық музыка фестиваліне биыл 10 жыл толды. Осы уақыт ішінде ол Қазақстандағы ең танымал және адамдар асыға күтетін мәдени оқиғалардың біріне айналды. Сонымен қатар өзінің өзгермейтін құндылықтарын қалыптастырды.
Фестиваль Еуразия және бүкіл әлем халықтарының бай мәдени және музыкалық мұрасын ұсынатын әлемнің 90 елінен жүздеген танымал әртістердің басын қосты.
Биыл этно-фестивальге елімізден және әлемнен 15 топ қатысады. Атап айтар болсақ: HasSak, Turan, Aldaspan, Abbos, Gulzada, Childo Tomas, Kerekes, Raghu Dixit, Rastak, Mgzavrebi, Fanfara Station, The fra, Mr Zarko, Dj edige, Dj puza.
Бұл музыканттардың кейбірі The Spirit of Tengri-ге алғаш рет келетін болса, басқасы бұрыннан қатысып келе жатқан топтар.
Рагху Диксит тобы © livenation.co.uk
Мысалы, Үндістанның танымал тобы Рагху Диксит тобы Мassaget.kz порталына берген сұхбатында фестивальге екінші рет келе жатқанын айтты.
"Біз 2019 жылы The Spirit of Tengri-де өнер көрсетуден керемет ләззат алдық. Алматыда 4 күн болдық және фантастикалық фестиваль ұйымдастырушыларының қонақжайлығының арқасында тамаша уақыт өткіздік. Қайта оралуды асыға күтеміз", - дейді ол.
Fanfara Station тобы © womex.com
Ал италиялық Fanfara Station тобы болса бірінші рет қатысқалы тұр. Бұл топтың жетекшісі Чарлз The Spirit of Tengri-ге шақырту алғанына қуанышты екенін, асыға күтіп жүргенін жеткізді.
"Қазақстан біз үшін жаңалық болғалы тұр. Аталған жобадан шақырту алғанда картаны ашып қарап: "Не деген үлкен мемлекет, қалай ғана осыған дейін Қазақстан туралы білмегенмін" деп ойладым. The Spirit of Tengri туралы бұрын басқа фетивальдерге барған музыкантардан көп естідік. Олар оның қаншалықты керемет жоба екенін айтатын. Өте позитив концерт екенін де, ол жерге әлемнің түкпір түкпірінен музыканттар ағылатынын да айтты. Сондықтан ыстық ықыласпен сапарымызды күтіп жүрміз", - деген еді ол порталымызға берген сұхбатында.
Көреремендерді сапалы, дәстүрлі, жанды дауыстағы әуендер, ғарыштан көрінетіндей жарық түсірілетін әдемі, күшті, жанды шоу күтіп тұр.
Егер сіз бүгін Алматыдан алыста және Республика Сарайының алдында өтетін open-air шарасына келе алмайтын болсаңыз, сізді көпарналы дыбыспен сапалы онлайн-трансляция күтеді, оны The Spirit of Tengri жобасының әлеуметтік желілердегі парақшаларынан тамашалауға болады.
Айта кетейік, The Spirit of Tengri аясында халықтар мен мәдениеттердің бірігуі – фестивальдің негізін қалаушы Батыр Қазыбаевтың негізгі мақсаты еді. Өкінішке қарай, ол бір жыл бұрын өмірден өтті. Сондықтан ұйымдастырушылар бұл мерейтой фестивалін жобаның негізін қалаушы – Батыр Қазыбаевқа арнайды.
Т. Раушанұлы