- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шетелдегі қазақтар
“Ертегі әлемінің кейіпкері“. Грузияда тұратын өзгеше қазақ әйелінің хикаясы
Бұдан 24 жыл бұрын Грузияға қоныс аударған Гүлнар Утева-Натрадзе бір сәтте TikTok-жұлдызына айналды. Оның ерекше үйі, стилі мен өнері желі қолданушыларын таңғалдырды. Massaget.kz тілшісі кейіпкердің неге Грузияға көшкені, өмірі мен қызығушылығы туралы сұхбаттасты.
Желі қолданушылары Гүлнар Утева-Натрадзеге "ертегі әлемінің кейіпкері" деген атақ берген. Елінен жыраққа кеткен әйел өмірі туралы не дейді?
Гүлнар Утева-Натрадзе Бішкектен 20 минут жерде орналасқан Георгиевка деген жерде дүниеге келген. Анасы сол жердің тумасы. Бір қызығы, құжатында туған жері Бішкек деп жазылып кеткен соң, көбі оны қырғыз деп ойлайды. Алайда әйел қазақ екенін, ата-анасы ұлт мүддесі үшін барын салған қоғам қайраткерлері болғанын тебірене еске алды.
Өмірде бәрі біз қалағандай бола бермейді...
Кейіпкер 2001 жылы Грузияға екі баласымен көшіп кеткен. Содан бері 24 жыл өтті. Ол мұнда неше түрлі қиындықтан өткенін, ал қазір арманындағы өмірін сүріп жатқанын айтты. 90-жылдары грузинге тұрмысқа шығып, алғашқы 12 жыл Қазақстанда тұрған, кейін шетелге кеткен.
Өмірім қызық деп айтар едім. Ол балалық шағы өткен Қаратау туралы жылы естеліктерін айтты. Бір қызығы, Гүлнардың балалық шағы өткен үй қазір мешітке айналған.
"Ата-анам - инженерлер. Анам - Георгиевка тумасы. Дүниеге келген соң, 5 жасқа толғанға дейін Балқашта тұрдық, кейін Қаратауға көштік. Қаратаудағы үйімізді қазір мешіт етіп өзгерткен. Бұл - бір мәртебе. Кез келген адамның үйі мешітке айналмайды ғой. Әкем - Қыдырбек Утев, депутат болды, сурет салып, өлең жазатын. "Знамя труда" газетінде де жұмыс істеді. Ал анам гүл өсіргенді ұнататын. Бала кезден соны көріп өскен соң, шығармашыл тұлға болып қалыптастық", - дейді ол.
"Асанәлі Әшімов біздің үйде қонақ болған"
Гүлнар Қыдырбекқызы мектепті тәмамдаған соң Алматыдағы Қазақ ұлттық педагогикалық институтына суретші-педагог мамандығына түседі. Тіпті оқуға түсіп жатқанда да кейіпкер өмірі қызыққа толы болған.
"Жәмила Тәкен, Ибрагим Көбеков сынды танымал суретшілермен бір курста оқыдым. 1978 жылы оқуға түстім. Негізінен Алматы театр-көркемсурет институтына (қазіргі атауы - Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) түсемін деп үміттенгенмін. Құжаттарымды тапсыруға барғанда Асанәлі Әшімовтің ұлы Сағи Әшімов те құжат тапсырып жатты. Әлі есімде, ол домбырада ойнады. Кезекте тұрғанда екеуміз біраз әңгімелестік. Оның әкесі біздің Қаратаудағы үйде қонақ болып, 2-3 күн тұрақтаған еді. Соны айтқанымда, ол аң-таң болды. "Транссібір экспресі" фильмі түсіріліп жатқанда Асанәлі Әшімов біздің үйде қонақ болған. Өкінішке қарай, театр-көркемсурет институтының конкурсынан өтпей қалдым, мен ағаш жону курсына құжат тапсырып едім, мені қызсың, нәзіксің деп өткізбеді. Бірақ кейін Қазақ ұлттық педагогикалық институтқа емтихансыз қабылдандым", - дейді ол.
"Алғашқы шәкірттерім менен 7 жас кіші еді"
Гүлнар Утева-Натридзе небәрі 21 жасында суретшілерге арналған орталық ашып, директор болған.
"Мен бала кезден сурет салатынмын. Әкем 14 жасында сурет салып, Сталиннен мадақтама алған. Ол тіпті тоқыма тоқуды білетін, бала кезден тоқитын, соның бәрін үйретті. Мен де бала кезден сурет салып, түрлі конкурсқа қатысып, орындар алатынмын. 1982 жылы оқуды тәмамдаған соң жастарға жұмыс ұсынған. Мен Қаратауға кеттім. Ол жерде суреттен сабақ беретін орталық түгілі, педагогтар да болған жоқ. Сөйтіп жүгіріп жүріп, орталық аштым. Ол кезде жасым небәрі 21-де болған. 10 жыл бойы мектеп директоры болдым. Кейін ол музыкалық мектеппен қосылып, мәртебесінен айырылды. Сызудан, суреттен, еңбектен сабақ беретінмін. Алғашқы шәкірттерім менен 7 жас кіші еді", - дейді ол.
"Өзімнен 10 жас кіші грузинге күйеуге шықтым"
Кейіпкер Грузияға көшуіне күйеуі себепкер болғанын айтты.
"1987 жылы күйеуіммен таныстым. Ол уақытта әскерде қосымша жұмыс істеп жүрдім. Ол сол жерде қызметте болған. Маған гүл сыйлап, қамқор болатын. Сөйтіп екеуміз көңіл жарастырып, үйлендік. Күйеуімнің жасы небәрі 18 -де еді, менен 10 жас кіші болатын. Бірақ бойы сұңғақ, ірі жігіт еді. Екеуміз 12 жыл отасып тұрдық. Ортамызда 2 бала бар. Бәрі "грузиндер ауқатты, бай" деп ойлайды. Алайда олай емес. Жас болған соң алғашында жұмысы болған жоқ, балаларға қамқор болды. Басымыздан көп қиындық өтті. Мені жұрт "өзіңнен кіші адамға тұрмысқа шықтың, өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шықтың" деп сөгетін. Сөйтіп біраз жыл өткен соң, Қаратауда дәмхана аштық. "Рэкет" деген нәрсе гүрілдеп тұратын, бірақ мен ештеңеден қорықпадым", - дейді ол.
Кейіпкермен сұхбаттасып отырғанда өмірі құдды бір кинодағыдай ой келді. Бала-шағасын, бар мүлкін түйіп, күйеуінің туған жеріне көшіп бара жатқан әйелге тағы бір сынақ түседі. Оның айтуынша, көшейін деп жатқанда отбасында қайғылы оқиға болып, күйеуі елде қалып қояды. Ол балаларын алып, Грузияға кетіп қалады. Жоспар бойынша 1 жылдан кейін отбасына қосылуы керек күйеуі сол жылы ауырып, қайтыс болады. "Сөйтіп мен Грузияда жалғыз қалдым", - деді кейіпкер көзіне жас алып.
"Елге қайтып келу туралы ой болған жоқ"
Гүлнар Қыдырбекқызының айтуынша, 90-жылдары қиын болған. Жұрт әйелді өзге ұлт өкіліне күйеуге шыққанын қатты сынаған.
"90-жылдары ұлтшылдар өршіп кетті. Оның үстіне, бұзақылық көп болды. Бірақ мен олардан қорыққан жоқпын. Ұлтшылдар "неге грузинге күйеуге шығасың?" деп көп тиісетін. Күйеуіме қиын болғанын түсіндім. Тіпті балаларыма қол шошайтатындар көбейді", - дейді ол.
"Танымал актер Кахи Кавсадзе көмек берді"
Оның айтуынша, Грузияға көшкеннен кейін елге қайтып оралуға тіпті ой болмаған.
"Ата-анам о дүниеге аттанып кетті, әпкеммен байланыс үзілді. Туысқандарым да "неге басқа ұлт өкіліне күйеуге шықтың?" деп тиісе беретін. Сол үшін елге қайтқым келмей қалды. Бірақ ондағы өмір де бал болған жоқ. 2001 жылдан бастап 8 жыл бойы қатты қиналдық. Жейтін нан да болған жоқ. Тіпті қант сатып алмайтынбыз. Істемеген жұмысым қалмады. Кейін тігіншілікпен айналысып кеттім. Көбі өмірім балдай болды деп ойлайды. Алайда олай емес. Балаларымды аяққа тұрғызу үшін барымды салдым. Тігінші болдым, шаштараз болдым, суретке түсірдім. Кейін қалаға көшіп келдім. Сөйтіп ателье ашып, тігінмен айналыстым. Театрда костюм тігіп бастадық. Сол жерде танымал актерлермен таныстым. Олармен дос болып кеттік. Біреуі тіпті төлқұжат алуға қол ұшын тигізді. Ол кезде туу туралы куәлігімді жоғалтып алған едім. Танымал актер Кахи Кавсадзе көмек берді. Кейін танымал дизайнерлермен жұмыс істедік", - дейді кейіпкер көзіне жас алып.
Гүлнар Утева-Натрадзе өз өмірін айтып отырып, өзіне қатты таңғалды. Басынан сондай қиындық пен қызық өткенін тебірене айтты.
"Кейін киім тігу зығырымды шығарып жіберді. Күні-түні тек тігумен айналыстым. Балаларым ұйқыдан тұрғанда да, ұйқыға кеткенде де тек тігіп отыратын едім. Жалдап тұрған үйімнің иелері менің суреттен сабақ бергенімді естіп, балаларын берді. Кейін басқаларына айтты, сөйтіп шәкірттерім көбейді. Кейін сурет орталығын аштым. Ақша таппай қалсам ше, келушілер болмай қалса ше деген қорқыныш болды, әрине. Бірақ шәкірттерімнің ата-аналары кәдімгідей қолдау білдірді. Осылайша, жаныма жақын кәсіпті бастап кеттім. Міне, одан кейін 9 жылға жуық уақыт өтті", - дейді ол.
Содан бері ол балаларды сурет өнеріне баулып, бірнеше шәкірт тәрбиелеген. Қазір де ісін тоқтатқан емес. Бұған қоса, ол саяхаттағанды ұнатады. Бір қызығы, тек қыста шетел аралайды екен. Кейіпкер 25 ел аралап үлгерген. Оның ішінде басым бөлігі ТМД елдері.
Қазақстаннан келген қонақтарды ол құшақ жая қарсы алады. Бір қызығы, ол Грузиядағы қыпшақтарға қатысты зерттеулерге де қатысады.
Кейіпкердің 2 баласы бар. Біреуі қазір Қазақстанға көшіп келген, ал екіншісі жақында отбасын құрды. Ал жиені - Қазақстанға танымал режиссер Әлішер Утев.
@ana_solntse В следующих роликах вы узнаете об Art-школе Гульнары, о том, почему она собирает слонов и какую память хранит о Казахстане. инстаграм магазина Гульнары: gulnara.art.shop инстаграм арт-студии Гульнары: artstudiogulnara #грузия #тбилиси #батуми #казахстан #астана #алматы #актобе #атырау #шымкент ♬ orijinal ses - 𝙀𝙈 𝙢𝙪𝙨𝙞𝙘
Суреттер кейіпкердің жеке архивінен
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек