Ертеде қазақ малдың қай мүшесін жемеген?

Қазақ халқы төрт түлік малды ерекше қастерлеген. Өйткені мал қазақ үшін мінер көлік қана емес, ішер асқа да жарамды болған. Бірақ қазақ халқының ас мәзірінің, дәстүрлі асханасының өзіне ғана тән ерекше тұстары да бар. Соның бірі - мал мүшелерінің асқа қолданылуына байланысты. Massaget.kz тілшісі қазақ малдың қай бөлігін жеп, қай бөлігін асқа қоспағанына, дәстүрлі қазақ асханасы несімен ерекшеленетініне шолу жасады. 

"Ішек-қарын еттен кем емес"

Халқымыз малдың таза етінен бөлек, ішек-қарыны, бауыры, бүйрегі, жүрегі, құйымшағы, өкпесі, құлағы, сирағынан ас дайындаған. Бұл бөліктер бір қарағанда, әлем халықтары үшін адамшошырлық көрінуі мүмкін. Алайда бұл қатардағы тағамдардың адам денсаулығына пайдасы орасан зор екені талай мәрте айтылған. Соның ішінде ішек-қарын пайдасы құрамындағы дәрумендері жағынан еттен еш кем түспеген. Тіпті ішек-қарыннан түрлі тағам жасалған, қуырдаққа қосып та қуырылған. Осындай тағамның бірі - жөргем. Жөргем - малдың аш ішегі мен тоқ ішегінен өріліп жасалатын, қуырып немесе асып дайындалатын тағам түрі. Бұған татымына қарай бұрыш, тұз, жуа қосқан.

Bazargul Tolenish YouTube-арнасынан

Қазақ тарихына көз салсақ, халқымыз көшпелі болғаны белгілі. Сондықтан көш кезінде ошақ басына нан көміп кететін болған. Мұның астарында өздерінен кейінгі көшке деген қамқорлық жатыр. Өйткені кейінгі көш сол нанды жеп, талғажау еткен. Наннан бөлек малдың ішегін кептіріп, іліп кететін болған. Мұны да жеп, қиын шақта аман қалған. Осыған орай тілде "жүргенге жөргем ілінеді" деген даналық сөз қалыптасқан.

Urbish Amir YouTube-арнасынан

 "Қазақ кәрі жілікті қызға бермеген"

Қазақ мал мүшелерінің әрқайсына зор мән берген. Соның ішінде кәрі жілікті қыз балаға бермеген. Өйткені дәстүрлі дүниетаным бойынша "қызға кәрі жілік берсе, отырып қалады" деген түсінік бар. Керісінше, халқымызда қызға "сыбағаң" деп құйымшақ берілген. Кәрі жілік малда екі-екіден болады, бұл "кәделі жілік" деп те аталған. 

С.М. Дудин 

"Тамақты қолмен жеген"

Әр халықтың ас ішу әдебі бар. Мәселен, қытай халқында қатты дыбыс шығару мәдениеті қалыптасса, жапондар таяқшамен жеген әрі ас ішкенде жай дыбыс шығарған. Ал өзбектерде шай құю әдебі бар. Кесеге құйылған шайдың мөлшеріне қарай үй иесінің қонақты жақтырып-жақтыртпағанын анықталған.

Ал қазақ халқының ерекшелігі - кейбір тағам түрлерін қолмен жеуі. Осыған орай әлі күнге даулы болып келе жатқан "бесбармақ" немесе "бешбармақ" деген ас атауы қалыптасқан деген де пікір бар. Ашық дереккөз мәліметтерінде ұлыбританиялық ғалымдар кішкентай балаларға зерттеу жүргізіп, нәтижесінде асты қолмен жеудің пайдасын анықтағаны айтылады. Осы тәжірибе бойынша, ана сүтінен ажырай бастаған балалар екі топқа бөліп қарастырылған. Бірінші топтағы балалар асты қолмен жеген, сәйкесінше олардың тойымдылығы, тәбеті жақсы болған. Ал қасық немесе шанышқы қолданған балалардың асқа тойымдылығы бірінші топқа қарағанда, төмен болып шыққан.

Қазақ халқы асылған етті қолмен жеген. Өйткені түрлі ашық дереккөз мәліметтерінде адам қолында ерекше қасиет бары келтіріледі. Тамақ асқазанға жеткенше, саусақ ұштары арқылы миға белгі беріп, адамның тәбеті артып, зиян микробтар саусақ ұшы арқылы жойылады екен.

 "Айыппұл да төлеген". Асату дәстүрінің қандай ерекшелігі болған?

Қазақ халқының ас әдебінің тағы бір ерекшелігі - асату дәстүрі. Жолы үлкен адам жасы кішіге табақта тұрған еттің бөлігінен дәм татырған. Бұл "асату" деп аталған. Ол осы арқылы өзінің ілтипатын, көңілін білдірген. Бұл дәстүр бойынша жасы кіші ұсынылған астан бас тартпаған. Оның жергілікті жерге байланысты өзіндік ерекшелігі де болған. Мәселен, XIX ғасырдың соңына дейін шығыста келген қонақ етті үш түйірден қатарласа асатқан. "Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі" еңбегінде адам үш түйір етті бірден асай алмаса, қонақ ренжіп қалуы мүмкін екені келтірілген.

Сонымен қатар, асатуға берген ет үш түйірден көп болып кетсе немесе адам оған қақалып қалса, айыппұл төлеген екен. Тіпті айыппұл кұны жүз жылқыға жеткен. Ал үш түйір етке ғана қақалса, айыппұл төленбеген.

Қазақ не жемеген?

Қазақ халқының мал сою реті шариғат шеңберінде болған. Соған сай мал қанын, бездерін жеуге тыйым салынған. Оның үстіне, бауыздалған малдың қаны толық сарқылғанша әрі қарай пышақ тигізбеген. Өйткені малдың жаны тез шығып, етте қан толық кетпей қалатын болған. Ал малдың терісі түгелдей сыпырылып тасталған соң, жыныс мүшелерін, бездерін жеуге жарамды етке жақындатпай алып тастаған. Соның ішінде бауырдағы өт, май бездері, жұтқыншақ безі, мойын безі, тақыршап безі, асықты жілік безі, жамбастағы қанжыға бездері алып тасталған.

С.М.Дудин  

"Басты әкесі тірі адам ұстамаған"

Халықтың табақ тарту рәсімінде орындалатын дәстүрінің бірі - бас тарту. Бұл кезде жиында, қандай да бір басқосуда қадірлі адамға арнап малдың сыбағалы мүшесі берілген. Соның ішінде бәрінің бастауы деген сенніммен "бас тарту" дәстүрі орындалған. Бірақ бұл дәстүр әр өңірде түрліше орындалған. Ашық дереккөз мәліметтерінде Қазалы, Арал қазақтары бас ұсынғанда, оң жақ құлағын кесіп, кішкентай балаға беріп, оң құлақсыз ұсынғаны айтылады. Оның астарында "ырысым өз босағамда қалсын" деген сенім болған.

Сондай-ақ, тағы бір ерекшелік малдың тісі қағылып ұсынылуы керек. Ал Моңғолия, Қытай қазақтары тісін қақпай, қонағына бас ұсынған екен. Осы арқылы қонақ қай жастағы мал сойылғанын анықтаған. Бас тарту дәстүріне қатысты тағы бір жайт - әкесі тірі адам бас ұстамауы. Бұл "әкесі барда алға түспеу, үлкенді сыйлау" деген мәнде түсіндірілген. 

kazakhstan.travel

Балаға мал мүшесінен не берілген?

Қазақ кішкентай балаға құлақ, көз, тіл берген. Оның әрқайсының түпкі мәні бар. Соның ішінде қариялар құлақты әдейілеп берген. Оның түпкі мағынасында "құйма құлақ бол, айтқан тілді ал, үлкен азамат бол" деген ізге ниет жатыр. Ал көз бергенде, "айналасына әділ болсын, көреген болсын" деген сеніммен берген. Алайда малдың екі көзін бір ғана адамға берген. Екі адамға берсе, алакөз болады немесе дауласады, әділдіктен кетеді деп ойлаған.

С.М. Дудин 

Қазақ балаға тіл бергенде, "дұшпаныңның тілі кесілсін" деп сенген, ал балаға ұсынарда "қарақылды қақ жарған, айта жағы ішінде кетпейтін шешен бол" деген тілекпен берген. Халықтың таңдай беру дәстүрі де осы мағынаға сай келеді. Таңдай беру арқылы баласының "ақын, шешен, әнші" болуын тілеген. Осылайша, қазақ халқының дәстүрлі асханасының, ас әдебінің, мал мүшелеріне қатысты таным-түсінігінің тәрбиелік мәні зор екенін де байқауға болады. 

registontravel 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!