Жақында Атырауда келеңсіз оқиға болған еді. Атыраулық Орал тұрғынымен танысып, неке түнінен соң олардың араларында жанжал туындаған. Ер адам әйел өзіне ұнамағанын айтып, талақ айтып, пәтерден кетіп қалған. Ал ашуға булыққан жалға алынған пәтерді өртеп жіберген. Діни түсінік бойынша, "талақ айту" әдебі бар. Massaget.kz тілшісі ҚМДБ деректеріне шолу жасап, этнограф Меруерт Қарпыққызымен сұхбаттасты.
Талақ деген не?
Ашық дереккөз мәліметіне сүйенсек, талақ - неке бұзу. Бұл жағдайда күйеуінен алған мүліктер жұбайында қалады, ал күйеуі шартты уақыт біткенге дейін әйелді асырауға міндетті саналады екен, тек осыдан кейін әйел тағы да тұрмысқа шыға алады. Исламда талақтан басқа да ажырасу түрлері бар. Оған фасх (күйеуі неке бойынша келісім уәделерінің бірін орындамаса, әйелдің талабы бойынша ажырасады); хул (әйелдің талабы бойынша ажырасу, бұл жағдайда некені қайтадан жалғастыруға болмайды), лиан (екі жақтан бірдей кінә тағу) жатады. Мұндай ажырсу түрлері Ислам Республикаларының бірқатар елінде сақталған.
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының ресми сайтында қанша тырысса да, екі адам бірге тұра алмаған жағдайда шариғат бойынша ажырасуға рұқсат берілетіні айтылады. Сондай-ақ, шариғатта талақ ету билігі ер адамда екені көрсетілген. Алайда белгілі бір себептер бойынша әйел қазиға шағымдануы арқылы да күйеуінен ажыраса алады.
"Әйел мына жағдайларда ажыраса алады:
1. Күйеуі белсіздік, СПИД секілді айықпас қатерлі дертке шалдыққанда;
2. Ері әйеліне нәпақа тауып бере алмаған жағдайда;
3. Күйеуі отбасын себепсіз ұзақ мерзімге тастап кеткен жағдайда;
4. Ері әйелін ұдайы денесіне із қалдыратындай ұрып-соғатын болса;
5. Ері төрт ай немесе одан да көп уақыт әйеліне жақындамауға ант ішіп, сол уақыт аралығында мүлдем жақындамайтын болса;
6. Ері әйелін "зина жасады" деп немесе "мынау менің балам емес" деп айыптап, іс қазидың құзырында қаралып, қази бір-біріне лағынет айтқызғанда;
7. Ері әйелін қараусыз қалдырып, әйеліне талақ берместен себепсіз ұзақ уақыт әурелесе", - делінген ҚМДБ сайтында.
"Талақ айту" қазақ танымына сай ма?
Этнографиялық мәліметтерге, Х.Арғынбаевтың еңбектеріне сүйенсек, қазақ халқы қыздарын 13-14 жасында ұзатқан, ал ер балаларды 15-16 жасында "балиғат жасына жетті" деген есеппен үйлендіре бастаған.
Құралай Баудиярованың еңбегінде көршілес қырғыздар қыздарын 13-15 жаста құтты орнына қондырғаны, ал түрікмендер 12-13 жасында ұзатқаны келтірілген. Қазақ халқында дәм-тұзы жараспай екіге кеткісі келген екі жас қалай ажырасқан, бұл жағдайда қандай амал қолданылған? Этнографтың сөзінше, қазақта "талақ" болған.
"Қазақта "талақ" болған. Оны негізінен, ер адамдар айтқан, молданың алдына барып 3 рет "талақ" деген. Некеге отыру, талақ та шариғат бойынша жасалған", - дейді этнограф Меруерт Егізбаева.
Айта кетейік, Ranking.kz мәліметтеріне сүйенсек, 2022 жылғы қаңтар мен маусым аралығында Қазақстанда 55,1 мың жұп неке қиған. Былтырмен салыстырғанда, бұл 15,2 пайызға аз. Ал биылғы бірінші жартыжылдықта ажырасқандар саны 9 мың болған, былтырмен салыстырғанда, 5 пайызға төмендеген. Қалаларда ажырасу дерегі 3,1 пайызға, яғни 7,1 мыңға дейін, ауылдарда 11,8 пайызға, яғни 1,9 мыңға дейін қысқарған.
Еске салайық, бұған дейін ажырасуға бір себеп отбасылық кикілжің екенін, ененің баласын келіннен қызғануы туралы материал жариялаған болатынбыз.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!