Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Таиландқа сапары кезінде тараған ақпаратқа түсініктеме берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде мәжілісмен 4 қаңтарда Алматы - Пхукет рейсімен ұшып бара жатқан ұшақтың бортында ауырып қалғаны туралы ақпарат тарады. Tengrinews.kz тілшісі дерекке қатысты пікір алу үшін депутаттың өзіне хабарласты.
Ермұрат Бапи шынымен Таиландта екенін растады. Ол жоспарлы түрде шығыс медицинасы әдістерін қолданып, емделіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, ұшақ бортында қан қысымы төмендеген. Жолаушылардың арасында дәрігер болып, оның қан қысымын өлшеп берген, ал бортсеріктер оған кофе ұсынған.
"Шұғыл қону туралы әңгіме болған жоқ, тіпті штаттан тыс жағдай да болған жоқ. Мен Таиландқа жоспарланған инемен емдеуге ұшып бара жатқан едім. Мен үшін алаңдамаңыздар", - деді депутат Tengrinews.kz тілшісіне.
Сонымен қатар депутат қазір неге шетелде жүргенін түсіндірді, өйткені өзге депутаттар сайлаушылармен кездесу үшін Қазақстанның өңірлерін аралап жүр.
"Мен кездесулерді 30 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында өткіздім. Жалпы, мен сайлаушылармен кесте бойынша кездесулер өткізетін партияның депутаты емеспін! Мен күн сайын және Алматыға келген сайын кездесулер өткіземін. Мен жұмыс күндері Парламентте кемінде 3-4 кездесу өткіземін. Сондықтан бұл тұрғыда менде проблема жоқ", - деп түсіндірді ол.
Депутат мәліметінше, ол 10 қаңтарда Қазақстанға оралып, сайлаушылармен кездесулерін 13 қаңтарға дейін жалғастырады.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи ескі Қазақстан, соның ішінде Дариға Назарбаева туралы мәлімдеме жасаған еді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!