Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи жаңадан құрылған Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің жұмысын сынға алып, 300 миллион долларды шетелге кімдер жасырғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол депутаттық сауалын бас прокурор Берік Асылов пен Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіковке жолдады.
"Мемлекет басшысы заңсыз жылыстатылған активтерді елге қайтару президенттік парызды орындаумен тікелей байланысты айтқан еді. Міне, осы аса ауқымды міндетті орындау үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жарлығымен уәкілетті орган - Активтерді қайтару жөніндегі комитет құрды. Кеше, 5 желтоқсанда комитеттің жұмыс істегеніне 2 ай болды. Сол 2 айдың ішінде бұл комитеттің іс-әрекеті жөнінде тырс еткен хабар жоқ. Комитеттің қызметінен Қазақстан қоғамы мақұрым", - деді депутат.
Ермұрат Бапи Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің төрағасына сауал жолдады.
"Президент берген тапсырмаларды орындау үшін комитет қандай күш құрылымымен жұмыс істеп жатыр? Бүгінде комитеттің құрамында қанша қызметкер бар? Мемлекет басшысы алғашында комитеттің штаттық саны 130 адам деп белгілеген еді. Комитеттің шетелдік юридикциялармен, халықаралық іздестіру бюроларымен жұмыс істейтін бөлімінде қанша қызметкер еңбек етеді? Осы өткен 2 айда елге қайтарылған активтер бар ма? Болса, оның көлемі қандай? Ашық дереккөзге сүйенсек, сіздер "Қазақстан халқына" қорына бұған дейін түскен 850 миллиард теңгеге малданып отырған сияқтысыздар. Сіздер қоғам алдында комитеттің құпия емес алғашқы іс-шараларын жария етіп, көпшілік алдында бір пресс-конференция ұйымдастыратын уақыт келген жоқ па?" - деді ол.
Депутат комитеттің жұмысына халық үміт артып отырғанын атап өтті.
"Ұрланған активтер елге қайтады деген халықтың әзірге үзілмеген үміті мен сенімін күл-парша қылуға сіздердің қақыларыңыз жоқ. Біз де оған жол бермейміз! Президенттің пәрменін, қызмет-қарымы мен ел алдындағы қоғамдық беделін бағамдайтын бүгінгі бір өлшем - ұрланған активтерді елге қайтару екенін сіздерге ескертіп қойғым келеді.
Бас прокуратура мен оның комитеті жым-жырт жатқанда "ескі Қазақстанның" клептократтары ел экономикасын қайтадан басып алуға қам жасап жатыр. Осыған байланысты менің қолыма жеткен инсайдерлік ақпаратты депутаттар алдында жария етіп, "ескі Қазақстанға" қызмет қылмақ ойы бар мүдделі лауазымды азаматтарға ескерту жасағым келеді", - деді Ермұрат Бапи.
Депутат бас прокурорға құнды деректі ұсынып, шетелде 300 миллион долларды кімдер жасырғанын айтты.
"Берік Ноғайұлы, Тимур Құлыбаевтың атжалмандары ұрлаған акивтер жөніндегі ақпаратты сіздің өзіңізге қосымша жолдап жіберемін. "СК Петролиум" серіктестігінен келіп түскен "Қазақстан-Қытай мұнай құбыры" концорциуымынан (директоры Талғат Жұмаділдаев пен оның ұлы Абылай Жұмаділдаевқұа қатысты - еск.) ұрланып, шетелге тығылған 300 миллион доллар активті іздеп қиналмайтын боласыздар", - деді ол.
Аяз Есен
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!