Ермек Маржықпаев министр қызметінен босатылуына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы экс-министр әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Бүгін ҚР Туризм және спорт министрі лауазымындағы қызметім аяқталды. Бұл менің өмірімдегі өте маңызды кезең болды. Президент пен Үкіметке маған артқан сенімі үшін, сондай-ақ әріптестеріме бірлесе жұмыс істегені үшін алғысымды білдіремін. Отандық туризм мен спортта қолға алған бастамалар алдағы уақытта жалғасын тауып, жемісін береріне сенемін", - деп жазды Маржықпаев.
Еске салайық, бұған дейін Ермек Маржықпаев Туризм және спорт министрі қызметінен босатылғанын жазған едік.
Бұл лауазымға Ермек Маржықпаев 2023 жылдың 2 қыркүйегінде тағайындалды.
Сонымен қатар Ермек Маржықпаев Олимпиада қорытындысы туралы отырысқа БАҚ өкілдерін іріктеп шақырғанын жазған болатынбыз.
Айта кетейік, бұған дейін Президент спорттық функционерлердің жұмысын қатал сынаған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев олар Қазақстанда миллиардтаған бюджетті игерумен ғана айналысып жүргенін айтты. Оның пайымдауынша, спорт саласының менеджерлерінің әрекеті нәтижеге емес, сол қаржыны жұмсауға бағытталған. Париж Олимпиадасының жүлдегерлерімен кездесу барысында Мемлекет басшысы соңғы бес жылда жоғары спортқа жұмсалған шығындар екі есе өскенін, бірақ жеткілікті нәтиже бермегенін атап өтті. Спорт саласында үнемі жемқорлық фактілері анықталатыны да оны қынжылтады.
Париж Олимпиадасына барған Қазақстан делегациясына бюджеттен 900 миллион теңге жұмсалды.
Қазақстан құрамасы Олимпиадада жеті медаль: бір алтын, үш күміс және үш қола жеңіп, командалық есепте 43-орынға ие болды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!