Мәжіліс отырысында төраға Ерлан Қошанов премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровты сынап тастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутат Ерлан Сайыров премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровқа бюджетке енгізілген түзетулер мен қысқарған шығын көлеміне қатысты сұрақ қойды.
"Биыл Үкімет Парламенттің қатысуынсыз бюджетке тоғыз түзету енгізді. Парламенттің қатысуынсыз бюджетке түзету енгізу Президент Тоқаевтың қоғамдық бақылау концепциясына сәйкес келмейді. Депутат жоқ, өздеріңіз қожа, өздеріңіз би. Рахат деген сияқты. Сол өзгерістер аясында бір бағдарламаға бірнеше рет өзгеріс енгізілген...
Енді сұрақ: сол өзгерістерде биыл қандай шығындар қысқарды, олардың қаншасы инвестициялық жобаларды іске асыруға байланысты? Ең негізгісі: осы қысқарған бағдарламаларды ертең депутаттарға қайтадан алып келіп, бюджетке кіргіз деп өтініш жасамайсыздар ма?" - деп сұрады депутат.
Нұрлан Байбазаров сауалға жауап берді.
"Бұл - Үкіметтің құзыретіндегі сұрақ. Биыл тоғыз емес, он рет түзетілді. Жақында тағы да түзету енгіздік. Соның есебінен 375 миллиардтан аса теңгенің құрылымын өзгертіп, экономикалық өсімге байланысты бағыттарға жібердік... Үнемделген қаржы халықтың тұрмысын жақсартуға, экономикалық өсімді ынталандыруға бағытталды", - деп жауап берді Нұрлан Байбазаров.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутат мәселені дұрыс көтеріп отырғанын айтты.
"Бюджетке он рет өзгерту жасадық деп ерлік жасағандай айтып отырсыз. Ай сайын бюджетке өзгеріс енгізіліп отырған. Яғни бюджеттік тәртіп ақсап жатыр деген сөз. Солай ғой?! Депутаттың сұрағы дұрыс. Үкімет қаперіне алуы керек", - деді Қошанов.
Айта кетейік, бүгін Мәжілісте 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджетке түзетулер енгізу мәселесі қарастырылды.
Еске салайық, бұған дейін Ерлан Қошанов депутаттың сұрағына жауап берген көлік министрі Марат Қарабаевқа қосымша сұрақ қойып састырды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!