Диер Каримов 10 жылдан астам барберлікпен айналысып келеді. Қызығушылығы арқылы осы салаға бет бұрған оның бүгінде ерлерге арналған жеке салоны бар. Massaget.kz тілшісі Диер Артуровпен ерлер күтімі, соңғы жылдары сәнге айналған шаш-сақал үлгісі, барбершоптың ерекшелігі туралы сұхбаттасты.
"Ер адамға күтім жасау маңызды"
Диердің бұл салаға келуі өнер туындыларын жасауға деген қызығушылығымен байланысты болған.
"Барбер маманы заман талабына сай сұранысқа ие болғандықтан, қатты қызықтым. Себебі ер адамның сырт келбетін әдемі ұстап, күтім жасауы әрқашан маңызды. Ал осы орайда барберлер адамдарға сенімді көрініп, әдемі болуға көмектеседі. Соңғы 10 жылда барбер саласында мол тәжірибе жинақтап, өз біліктілігімді ұдайы жетілдірдім, әрі осы саладағы соңғы тенденцияларға ілесіп отырдым. Бұл салада жұмыс істеу шабытымды шарықтатып, әрі адамдарға пайдалы болуға мүмкіндік берді", - деді ол.
Оның айтуынша, кез келген барбершоп ер адамның өзін сенімді әрі күтімді сезіну үшін арналған жер болғандықтан атына заты сай болуы керек.
"Салоныма "Сән сақал" атауын таңдауымның себебі қазақта "ердің көркі сақал" деген мақал бар. Сақал ер адам үшін - азаматтықтың, ақсақалдықтың атрибуты саналады. Сақал-мұртты қалай болса, солай емес - бет формасымен күтімді түрде ұстаған жөн. Себебі ер адамның образында сақал-мұрт өте қатты рөл ойнайды", - деді ол.
Барбершоптың артықшылығы неде?
Соңғы 3 жылда барбершопқа деген сұраныс артып келеді.
"Қазіргі уақытта көптеген ер-азаматтар бет-күтімінен бөлек, сақал күтіміне де аса мән беретін болған. Оны ер-азаматтарға арналған косметикалардың артуынан байқауға болады. Бет пен сақал күтіміне қарапайым шаштаразда қызмет көрсетілмейтіндіктен, ер-азаматтар барбершопқа барады. Жалпы барбершопқа 5 жастағы баладан бастап еңкейген кәріге дейін келеді", - деді ол.
Диердың айтуынша, барбершоптың қарапайым шаштаразға қарағанда бірнеше ерекшелігі бар.
"Біріншіден, атмосферасында, яғни қонақтар барбершопқа тек шаш қысқартуға ғана емес, кофе ішіп, шашы мен сақалын қысқартып бетке маскамен күтім жасап, өз барберімен сыр бөлісіп тынығып қайту үшін келеді. Екіншіден, қызмет көрсетуі деп айтар едім. Барбершоп үнемі таза болады, әрі сізді қонақжай администратор күтіп алып, қалауыңызға қарай шәй-кофе береді, тіпті плейстейшн приставкасын ойнауға мүмкіндік бар. Әрқашан жоғары дезинфециялық стандарттар сақталады. Үшіншіден, барбершопта сертификациялаудан өткен мықты барберлер жұмыс істейді. Сіздің бас формаңыз бен шашыңыздың типіне қарап, кез келген шаш үлгісін жасап береді", - деді ол.
"Шаш үлгісін өзіміз ұсынамыз"
Шаш үлгісін таңдауда келген қонақ барбершопта өзіне жарасатынын ұсынса болады.
"Алдымен қонақ өзінің шаш үлгісі мен бас формасы қандай типте екенін сұрап білуі керек. Әрине, азиаттық шаш үлгілеріне европалық шаш үлгісін жасау қиын болады. Себебі азиаттық шаш өте қалың әрі қатты болып келеді. Бас формасы да әртүрлі болғандықтан қандай формаға қандай шаш үлгісі жарасатынын көбіне өзіміз ұсынамыз", - деді ол
Барбершопқа сақал өсіру үшін келетіндер де бар екен.
"Барбершопқа ер азаматтар өз образын өзгертіп, күтім жасап, стилін жаңартуға келеді. Көбіне шаш қысқартудан бөлек сақал-мұрт, бет және шаш күтімін жасату үшін де келеді. Сақал өспейтін ер азаматтар өз имиджін өзгертіп, сақал өсіру үшін де келіп жатады", - деді ол.
Биыл трендтегі шаш үлгісі қандай?
Барбер ерлер арасында танымал әрі трендтегі шаш үлгілерін айтып берді.
"Қазір ерлер арасында қысқа шаштар танымал. Оларға күтім жасау оңай және күнделікті арнайы күтімді қажет етпейді. Әрі әмбебап, кез келген стильге жарасымды. Олардың ішінде ең танымалы - полубокс пен кроп шаш үлгілері", - деді ол.
Ерлерге арналған ТОП-4 шаш үлгісі
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!