- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ерлерді сүмірейтіп жібермей...
"Ерлерді сүмірейтіп жібермей ме?". Сенатор бала мен әйел қауіпсіздігіне қатысы заңға түсінік берді
Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасы қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Отбасылық зорлық-зомбылық қоғамдық институттарға, оның ішінде отбасы институтына айтарлықтай әсер ететін өткір әлеуметтік мәселенің бірі. Бұл әлемнің көптеген елдері үшін әлі де өзекті тақырып болып отыр. БҰҰ мәліметінше, әлемде әрбір үшінші әйел зорлық-зомбылыққа ұшырайды. UN Women жаһандық веб-сайтында жарияланған "Гендерлік сауалнама 2023" жыл сайын 245 млн әйел мен қыз өздерінің жақын адамдарынан физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырайтынын жазды", - деді Сенат депутаты.
Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, елімізде де отбасылық - тұрмыстық саладағы қылмыстық құқық бұзушылықтардың саны жыл сайын артып келеді.
Ішкі істер министрлігінің дерегінше, 2022 жылы полицияға тұрмыстағы зорлық-зомбылық бойынша 115 мыңнан астам арыз түсе, 2023 жылы полицияға 50 мыңнан астам әйел жүгінген. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, соңғы 4,5 жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 869 адам қаза тауып, 2086 ауыр дене жарақатын алған. Бұл зорлық-зомбылықпен күресте неғұрлым батыл шаралар қабылдау қажеттігін көрсетеді. "Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу және балалар мен әйелдер құқықтарын қорғау мәселесі бойынша заңға түзетулер енгізу жөніндегі ұсыныс" осындай қажеттіліктен туындап отыр, - деді Сенатор.
Сенатор "аталған бұл заң әйелдердің отбасындағы құқығын күшейтіп, ерлерді сүмірейтіп жібермей ме?" деген сұраққа жауап берді.
"Отбасылық зорлық-зомбылықты тек қана қатал заңмен тізгіндеу мүмкін емес. Өйткені "заң моралға қызмет етуге тиіс" деген ұстаным тұрғысынан алып айтсақ, заң, салт-дәстүр, мораль ұштасқанда ғана, қоғам мүшелері "ошақтың үш пұты" сияқты осы үш өлшемді тұрмыстың тіректі қағидасы еткенде ғана отбасылық зорлық-зомбылықтан сақтануға болады", - деді Бибігүл Жексенбай.
Сенатор Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, “Жағдайды түзеу үшін алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізу" керегін айтады.
"Мұнда учаскелік инспекторлар шешуші рөл атқарады. Уақтылы шаралар қабылданса, отбасылық және тұрмыстық ұрыс-керіс кезінде жасалған қылмыстардың көпшілігінің алдын алуға болар еді. Яғни біреудің өмірі мен денсаулығын сақтап қалар едік. Мұны тәжірибе көрсетті. Қоғам сіздерден отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тиімді әрі жүйелі іс-әрекет күтеді" деп мәлімдеме жасаған еді Мемлекет басшысы. Жалпы, мұндай отбасылардағы зорлық-зомбылықтар балалардың сана-сезіміне және психикасына кері әсерін тигізеді. Сондықтан құқық қорғау органдары адамдардың құндылықтар жүйесі мен мінез-құлық моделін өзгертуде шешуші рөл атқара алады және атқаруы қажет", - дейді Бибігүл Жексенбай.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Ордабаев